Мәмлүктер
Мәмлүктер [1] — ортағасырлық Мысырдағы түркі және Кавказ халықтары өкілдерінен шыққан жауынгер-құлдар. Мамлюк сөзі араб тілінен аударғанда “құл” деген мағынаны білдіреді. ІХ ғасырдан бастап мұсылман әлемінде құлдарды жауйынгер ретінде пайдаланды. Олар көп жағдайда өздері көтеріліп, билікті тартып алып отырды. Мысырда Мәмлүктерден Айюб әулеті билеушілерінің арнаулы әскери ұланы жасақталған. 1250 жылы Мәмлүктердің қолбасшылар тобы Айюб әулетін тақтан құлатып, өкімет билігін басып алды. Мысырды Мәмлүктердің екі әулеті билеген:
- Бахрлар (түркілер, негізінен, қыпшақтар әулеті) — 1250 — 1390 жылдар.
- Бүржилер (Кавказдан шыққандардың әулеті) — 1390 — 1517 жылдар Мәмлүктердің жалпы саны 9 мыңнан 12 мыңға дейінгі аралыққа жетіп, 24 бейдің бас-қаруында болды.
Мәмлүктер тұсында 13 — 14 ғ-ларда басқару жүйесі қайта құрылып, суармалы егіншілік мәдениетінің дамуы байқалды. Түркі тіліндегі оқулықтар, әдеби шығармалар араб тіліне аударылды. Мәмлүктер өздеріне дейін қалыптасқан әскери құрылымды сақтады. 13 ғ-да Мәмлүктер әскері Хулагу әулеті әскерін талқандап (1260 ж. 3 қыркүйектегі Айн Джалуттегі шайқас), Сирия мен Палестинадан кресшілерді ығыстырды, 1273 ж. Исмаили — ассасиндерді талқандады. Мәмлүктер дің аса көрнекті сұлтандары — Айбек (1250 — 57), Бейбарыс (1260 — 1277), Калаун (1279 — 90), Барсбей (1422 — 38), Гури (1501 — 16). Айбек пен Бейбарыстың сұлтандығы аралығында (1257 — 1260) Байғұш пен Құтұз билік етті. 1516 — 1517 жылдары түрік сұлтаны Селим І Сирия, Египет пен Палестинаны жаулап алып, Мәмлүктердің үстемдігін жойды. Түріктердің жаулап алуынан соң Мысырдағы жердің бір бөлігі Мәмлүктердің билігінде қалды. Мәмлүктер Каирдегі түрік пашасына алым төлеп тұруға міндеттенді. 17 ғасырдың соңында Осман империясының әлсіреуі Мәмлүктердің өз билігін қалпына келтіруіне мүмкіндік берді (1711 — 1798). Тек Египет билеушісі Мұхаммед Әлидің (1805 — 49) кезінде Мәмлүктерден жер тартып алынды (1808), ал 1811 жылы барлық Мәмлүк бейлері өлтірілді.
Дереккөздер
өңдеу- ↑ Қазақ Энциклопедиясы
Бұл мақаланы Уикипедия сапа талаптарына лайықты болуы үшін уикилендіру қажет. |
Бұл — мақаланың бастамасы. Бұл мақаланы толықтырып, дамыту арқылы, Уикипедияға көмектесе аласыз. Бұл ескертуді дәлдеп ауыстыру қажет. |