Мазмұнға өту

Құрылым

Уикипедия — ашық энциклопедиясынан алынған мәлімет

Құрылым (лат. structura — түзіліс, орналасу, тәртіп) — объектінің тұтастығын, тепе-теңдігі мен негізгі қасиеттерінің сақталуын қамтамасыз ететін байланыстар мен қатынастар жиынтығы. Құрылым жүйе және элемент ұғымдарымен тығыз байланысты. Оны жүйенің (объектінің) элементтері арасындағы мәнді және қажетті байланыстар мен қатынастардың біртұтас жиынтығы деп қарастыруға болады. Құрылым мен элементтер құрамы жүйенің өзіндік сапасын айқындайды. Жүйенің түрленуі кезінде салыстырмалы түрде сақталатын, өзгермейтін, тұтас сапалық ерекшелігін білдіретін арқауы іспеттес. Құрылым мен элементтер құрамы арасында бір мәнді сәйкестік жоқ.[1]

Элементтер құрамы бірдей болғанымен, Құрылымның түрленуі жүйенің сапалық өзгеруіне әкелуі мүмкін. Мысалы, химиядағы изомерия (заттардың химиялық құрамы бірдей болғанымен, өзінің Құрылымына орай сапаларының әр түрлі болуы) құбылысы. Табиғат жүйелерінде материяның әрбір құрылымдық деңгейіне объектілердің белгілі бір Құрылымы сәйкес келеді. Жүйенің сандық өзгерістері мөлшердің шегінен шығып, оның сапалық өзгерістерін тудырғанда, соңғысы әрдайым жүйе Құрылымының өзгерісіне айналады. Құрылымдағы элементтердің байланысы бүтін мен бөліктің өзара қарым-қатынасының диалектикасына тәуелді.

Құрылымдық қатынастар мен байланыстардың объектілер сапасын анықтаудағы маңызы 19 ғасырда ғылымның әр түрлі салаларында байқалып, оны зерделеуге ерекше көңіл бөлінді. 20 ғасырдағы ғылыми танымда құрылымдық зерттеудің арнайы әдістері қалыптасып, олар тілді, әдебиет пен өнер шығармаларын, жалпы мәдениетті, этникикалық қауымдастықтарды, т.б. объектілерді зерттеуде кеңінен қолданылып, философиялық-методологиялық тұрғыдан сұрыптаудан өтті. Нәтижесінде ғылым мен философияда құрылымдық талдау, құрылымдық-функционалдық қызметін талдау, жүйелі құрылымдық талдау әдістері, структурализм сияқты филосиялық-мәдениеттану ағымдары пайда болды.[2][3]

Си тілінде

[өңдеу | қайнарын өңдеу]

Си тілінде — айнымалылар, тұрақтылар және басқа құрылымнан құралған мәліметтердің күрамды типі. С++ тілінің құрылымы құрамында функциялар да болуы мүмкін; құрылымның барлык элементтері жалпы өзара байланыста болады.[4][5]

Дереккөздер

[өңдеу | қайнарын өңдеу]
  1. Рахимбекова З.М. Материалдар механикасы терминдерінің ағылшынша-орысша-қазақша түсіндірме сөздігі ISBN 9965-769-67-2
  2. Қазақ тілі терминдерінің салалық ғылыми түсіндірме сөздігі: Машинажасау. — Алматы: "Мектеп" баспасы, 2007. ISBN 9965-36-417-6
  3. Орысша-қазақша түсіндірме сөздік: Механика / Жалпы редакциясын басқарған э.ғ.д., профессор Е. Aрын - Павлодар: «ЭКО» ҒӨФ. 2007 жыл. ISBN 9965-08-234-0
  4. Қазақ тілі терминдерінің салалық ғылыми түсіндірме сөздігі: Информатика және компьютерлік техника / Жалпы редакциясын басқарған – түсіндірме сөздіктер топтамасын шығару жөніндегі ғылыми-баспа бағдарламасының ғылыми жетекшісі, педагогика ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының лауреаты А. Қ. Құсайынов. – Алматы: «Мектеп» баспасы» ЖАҚ, 2002 жыл. – 456 бет. ISBN 5-7667-8284-5
  5. «Қазақстан»: Ұлттық энциклопедия / Бас редактор Ә. Нысанбаев – Алматы «Қазақ энциклопедиясы» Бас редакциясы, 1998 жыл, ISBN 5-89800-123-9, I том