Мазмұнға өту

Азотты тыңайтқыштар

Уикипедия — ашық энциклопедиясынан алынған мәлімет

Азотты тыңайтқыштар — құрамында өсімдікке қорек болатын азоты бар органикалық (көң, шымтезек тағы басқалар) және минералдық заттар. Азоттың табиғи қосылысы — натрий селитрасы (NaNO3) тек Чилиде ғана кездеседі. Азотты тыңайтқыштардың көп тараған түрі: аммиак селитрасы, аммоний сульфаты, мочевина (карбамид), азотты сұйық тыңайтқыштар. Аммоний сульфаты — (NH4)2SO4 дүние жүзінде ең көп мөлшерде шығарылатын тыңайтқыш. Аммоний нитратының [(NH4)NO3] құрамында өсімдікке сіңімді азоттың мөлшері басқа азотты тыңайтқыштарға қарағанда көбірек келеді. Сұйық аммиак және онымен қанықтырылған аммоний тұздарының ерітінділері де құрамында азоты көп тыңайтқыштар болып табылады. Ал жоғары концентрлі азотты тыңайтқыштарға карбамид (мочевина) жатады. Карбамидті жануарлар жеміне де қосып пайдаланады. Ол көмір қышқыл газы мен аммиактың үлкен қысымда әрекеттесуі нәтижесінде алынады: CO2+2NH3= CO(NH2)2 + H2O. Азот топыраққа күрделі минералдық тыңайтқыштар түрінде де көптеп беріледі. Фосфор қышқылын аммиакпен әрекеттестіру арқылы аммофос алынады. Оның қышқылын бейтараптандыру дәрежесіне байланысты моноаммонийфосфат (NH4H2PO4) немесе диаммонийфосфат [(NH4)2HPO4]өндіріледі. Нитрофоска — құрамында қоректік азот, фосфор және калий бар күрделі тыңайтқыш. Оны өндірісте аммоний гидрофосфатының [(NH4)2HPO4] аммоний нитратының (NH4NO3) және калий хлоридінің (немесе сульфатының) қоспасын балқыту арқылы алады. Қазақстанда азотты тыңайтқыштар Ақтаудағы “Каскор” Акционерлік Қоғамында (аммиак селитрасы, натрофоска), Степногорск кен-химия комбинатында (нитрофоска), Тараз минералды тыңайтқыштар зауытында (аммофос) өндіріледі.

Дереккөздер:

[өңдеу | қайнарын өңдеу]

Қазақ энциклопедиясы I том