Мазмұнға өту

Миоцен

Уикипедия — ашық энциклопедиясынан алынған мәлімет
Миоцен кезіндегі табылған жануар

Миоцен (грек. meіon – аз және kaіnos – жаңа) – кайнозой заманындағы неоген дәуірінің алғашқы геологиялық кезеңі. Ол шамамен 23,3 миллион жылдар мен 5,2 миллион жылдар аралығында болған, ұзақтығы шамамен 15 миллион жылдай. Қазақстанда Миоцен кезеңінің шөгінділері көптеген жерлерде кездеседі, оның толық қабаттары, әсіресе Зайсан, Іле, Алакө] ойпаттарында жақсы сақталған. Қазақстанда Ақеспе, Ақтау (Қызылсай), Асқазансор, Аякөз, Ақжар, Күшік, Қалқаман, Павлодардағы “Қаздар қонысы” Миоцен кезеңінің ең ірі палеонтологиялық қазба орны болып есептелінеді. Миоценнің орта шенінде ауа райының салқындауы антарктикалық мұз қабаттарының пайда болуына әкелді. Миоценде ылғалы мол ормандар мен батпақты жерлерде тіршілік еткен жануарлардың жойылып кетуі – бұл кезеңде климаттың құрғақ болғанын дәлелдейді. Миоценнің алғашқы жартысында тұмсықтылар туысына жататын мастодонттардың арғы тектерінің бірі гомфотерийлер тіршілік еткен. Сондай-ақ ацератерий, апротодон мүйізтұмсықтары, халикотерийлер, бұғы тәрізді лофиомерикс, амфицион жыртқыш аңдары көптеп таралған. Миоценнің соңына қарай хилотерий, дицероринус мүйізтұмсықтары, қорқау қасқыр, қылыш тісті жолбарыс, жирафтардың ертедегі түрлері: самотерий, сиватерий тіршілік етіп, әсіресе, гиппарион фаунасының жақсы дамыған кезеңі болды. Миоцен негізінен ежелгі адам тәрізді маймылдардың (әсіресе, дриопитектердің) өте көп таралған кезеңі болып саналады. Ал өсімдік жамылғысын терек, үйеңкі, қарағай, т.б. ағаштар құраған.[1]

Дереккөздер

[өңдеу | қайнарын өңдеу]
  1. Қазақ энциклопедиясы, 6 том