Мазмұнға өту

Сақтандыру

Уикипедия — ашық энциклопедиясынан алынған мәлімет

Сақтандыру — сақтандыру ұйымдары (сақтандырушылар) мен жеке заңды тұлғалар арасындағы, сондай-ақ сақтандыру ұйымдарының өздерінің арасындағы жеке және заңды тұлғалардың мүліктік мүдделерін қорғау жөніндегі құқықтық қатынастар. Сақтандыру ерікті және міндетті нысандарда жүзеге асырылады. Ерікті сақтандыру сақтанушы мен сақтандырушы арасындағы шартқа негізделеді. Ерікті сақтандырудың ортақ шарттарын және оның жүргізілу тәртібін айқындайтын ережелерін сақтандырушы дербес айқындайды. Міндетті сақтандыру заңға сәйкес жүзеге асырылады.

Сақтандыру объектілеріне Қазақстан Республикасының заңдарына қайшы келмейтін мүліктік мүдделер жатады, олар: сақтанушының немесе сақтандырылған тұлғаның өмірімен, денсаулығымен, еңбек етуге қабілеттілігімен, зейнетақымен қамсыздандырылуымен байланысты мүдделер (жеке басты сақтандыру), мүлікті иеленумен, пайдаланумен, билеумен байланысты мүдделер (мүлікті сақтандыру), сақтанушының жеке адамға немесе жеке тұлғаның мүлкіне келтірген зиянын өтеумен байланысты мүдделері (жауапкершілікті сақтандыру). Қазақстан Республикасының аумағында орналасқан заңды тұлғалардың мүліктік мүдделерін (қайта сақтандыру мен өзара сақтандырудан басқа) және ҚР резиденттері болып табылатын жеке тұлғалардың мүлкін тек cақтандыру қызметін жүзеге асыруға лицензиясы бар заңды тұлғалар ғана сақтандыра алады.[1]

Сақтандырушы сақтандыру қызметін өз агенттері мен делдалдары арқылы жүзеге асырады. Сақтандырылатын болжалды оқиға сақтандыру тәуекелдігі (қатері) болып табылады. Сақтандыру тәуекелдігі ретінде қарастырылатын оқиғаның басталуында ықтималдық пен кездейсоқтық белгілер болуға тиіс. Ол белгілі болған жағдайда сақтандырылған тұлғаға, пайда алушыдан сақтандыру өтемі түрінде немесе сақтандыру жағдайы басталғанда сақтандыруды қамсыздандыру түрінде сақтандыру төлемі төленеді. Сақтандыру шартында айқындалған немесе заңда белгіленген ақшалай сома сақтандыру сомасы деп аталады, осы соманың негізінде сақтандыру жарнасының немесе сақтандыру төлемінің мөлшері белгіленеді. Мүлікті сақтандыруда сақтандыру сомасы оның шарт жасасу сәтіндегі шын құнынан (сақтандыру құнынан) аспауға, ал сақтандыру жағдайы басталғанда сақтандыру өтемі сақтанушының немесе үшінші бір тұлғаның сақтандырылған мүлкіне келтірілген тікелей зиянның мөлшерінен аспауға тиіс. Жеке адамды сақтандыруда сақтандыру сомасын сақтанушы сақтандырушымен келісе отырып белгілейді. Сақтанушы сақтандыру шартына немесе заңға сәйкес сақтандырушыға төлеуге міндетті сақтандыру төлемі сақтандыру жарнасы деп аталады. Сақтандыру жарнасының мөлшерлемесі сақтандыру тарифі болып табылады. Сақтандырудың міндетті түрлері бойынша сақтандыру тарифтері міндетті сақтандыру туралы заңдарда белгіленеді. Жеке адамды, мүлікті және жауапкершілікті сақтандырудың ерікті түрлері бойынша сақтандыру тарифтерін сақтандырушылар дербес есептейді. Сақтандыру тарифінің нақты мөлшері тараптардың келісуімен арнаулы шартта айқындалады.[2]

Сақтандыру объектісін бір шарт бойынша бірнеше сақтандырушы бірлесіп сақтандыруы мүмкін (ортақ сақтандыру). Бұл орайда шартта әрбір сақтандырушының құқықтары мен міндеттерін айқындайтын уағдалы шарттар баяндалуға тиіс. Сақтандырушы тәуекелдікті сақтандыруға қабылдай отырып, теңдестірілген сақтандыру қоржынын жасау және сақтандыру операцияларының тұрақтылығын қамтамасыз ету үшін ол бойынша жауапкершіліктің бір бөлігін уағдаласылған шартпен басқа бір сақтандырушыға беруі мүмкін. Мұны қайта сақтандыру дейді. Қайта сақтандыруға қатысушы тиісінше “қайта сақтанушы” (сақтандырылған тәуекелдікті ішінара қайта сақтандыруға берген сақтандырушы) және “қайта сақтандырушы” (тәуекелдікті сақтандыруға қабылдаушы) деп аталады. Сақтандырушыларда төленген жарғылық капиталдың және сақтандыру сақтық қорларының болуы, қайта сақтандыру жүйесі сақтандырушылардың қаржы тұрақтылығының негізі болып табылады. сақтандыру сақтық қорлары жеке адамды, мүлікті және жауапкершілікті сақтандыру бойынша алынған сақтандыру жарналарынан құралады.

Қазақстан аумағында сақтандыру алғаш рет Кеңес өкіметі орнағаннан кейін енгізілді. Бұл кезеңде сақтандыру мемлекеттік іске айналды. Сақтандыруды ұйымдастыру мен жүргізудің жаңа нысаны Халкомкеңестің “Мемлекеттік мүлікті сақтандыру туралы” 1921 жылы 6 қазандағы декретімен жүзеге асырылды. Қазақстанда 1926 жылы мемлекеттік сақтандыру ауыл-селода есепке алынған барлық шаруашылықтардың 34%-ын қамтыды. 1929 жылы КСРО ОАК пен Халкомкеңесінің қаулысына сәйкес мемлекеттік және кооперативтік кәсіпорындар мен ұйымдардың мүлкін ерікті сақтандыру міндетті сақтандырумен ауыстырылды, мұның өзі қоғамдастырылған сектордың мүлкін сақтандыруды арзандатып, кеңейтуге және оңайлатуға мүмкіндік берді. Сақтандыру ұжымшарлардың ұйымдық-шаруашылық жағынан нығаюына септігін тигізді. 1930 — 40 жылдары мемлекеттік сақтандыру ісінде елеулі өзгерістер болды. КСРО Халкомкеңесінің 1930 жылғы 6 қазандағы қаулысымен өмірді жеке сақтандырудың ұзақ мерзімді түрлері жойылды. Соғыс жылдары сақтандыру қоры есебінен майдан мұқтажына республика бойынша 677,9 млн. мөлшерінде қаражат тартылды. Соғыстан кейінгі жылдар мемлекеттік сақтандырудың барлық түрлерінің тұрақты өсуімен сипатталады.

Қазақстанда мемлекеттік сақтандыру органдары КСР Министрлер Кеңесінің “Қазақ КСР-індегі мемлекеттік сақтандыру органдары туралы” 1982 жылғы қаулысымен бекітілген ережені басшылыққа алады. Сақтандыру органдарын 1987 жылға дейін Қазақ КСР-і Мемсақтандыру Бас басқармасы, ал 1987 — 91 жылы Қазақ КСР-і Мемсақтандыру басқармасы басқарды. Кеңес Одағы ыдырап, еліміздің егемендік алуына, сондай-ақ экономиканың нарықтық қатынастарға көшуіне байланысты бұл басқарма республиканың Министрлер Кеңесінің 1991 жылғы 7 мамырдағы 289 қаулысымен Қазақстан Республикасының Мемлекеттік коммерциялық сақтандыру компаниясы басқармасы болып қайта құрылды. Оның құрылымында 297 бас инспекция және 116 телімдік инспекция жұмыс істеді. КСРО Мемсақтандыру ыдырағаннан кейінгі кезеңде Қазақстанда сақтандыру қызметін реформалау ісі қолға алынды. Сөйтіп, 90-жылдардың басында Қазақстан Республикасының Қаржы министрлігінің жанынан сақтандыру қадағалауы ұйымдастырылды. 1998 жылы бұл қадағалау Қазақстан Республикасының Ұлттық банкіне берілді. Республикада сақтандыру ұйымдарының қаржы жөнінен тұрақты болуына қойылатын талаптарды, сақтандырудың жаңа заңдарын қалыптастыру, сақтандыру нарығының анықтығын қамтамасыз ету жұмыстары жүргізілді. 2000 жылы ҚР Ұлттық банкі Сақтандыруды қадағалау органдарының халықаралық қауымдастығына (ІAІS) толық құқылы мүше болып кірді. Сақтандыру ұйымдарының есебі мен қаржы есептілігінің жаңа стандарттары енгізілді, ІAІS ұсыныстарына сәйкес сақтандыру нарығын ұйымдастырудың жаңа қағидалары мен стандарттары әзірленді. 2000 жылы Қазақстан Республикасында 42 сақтандыру ұйымының сақтандыру қызметін жүзеге асыру құқығына лицензиясы болды, оның ішінде төрт ұйымға шетелдік сақтандыру компаниясы қатысады. Республикада сақтандыру ұйымдарының 300-ден астам бөлімшесі мен өкілдіктері жұмыс істейді. Сақтандыру агенттерінің тармақталған желісі бар. 2000 жылы сақтандыру ұйымдарының төленген жарғылық капиталының жиынтық мөлшері 3,8 млрд. теңгеге жуық болды. Қазіргі кезде (2004) сақтандыру төлемдері 4,2 млрд. теңгені құрайды, мұның өзі жалпы сақтандыру сыйақысының 14%-ы.[3]

Соңғы жылдардағы Қазақстан экономикасының тұрақты экономикалық өсімі және қызметтің ұлттық сақтандыру секторын реформалау бойынша бірқатар мемлекеттік шаралардың бір мезгілде қабылдануы компанияға филиалдар санын арттыруға мүмкіндік берді. Сарапшылар сақтандыру нарығының негізгі көрсеткіштерінің соңғы 2 жылда байқалған оң динамикасын атап өтеді.

Дереккөздер

[өңдеу | қайнарын өңдеу]
  1. Как узнать когда заканчивается страховка? (орыс.)
  2. О.Д.Дайырбеков, Б.Е.Алтынбеков, Б.К.Торғауытов, У.И.Кенесариев, Т.С.Хайдарова Аурудың алдын алу және сақтандыру бойынша орысша-қазақша терминологиялық сөздік. Шымкент. “Ғасыр-Ш”, 2005 жыл. ISBN 9965-752-06-0
  3. Қазақ энциклопедиясы, 7 - том