Уикипедия:Консенсус

Уикипедия — ашық энциклопедиясынан алынған мәлімет
Навигацияға өту Іздеуге өту
Лақап:
УП:КОНС

Уикипедиядағы жүргізіліп жатқан бүкіл процестер консенсуспен (келісімге келу) тығыз байланысты.

Мақалаларды өңдеу кезінде келісімге келу өздігінен болатын процесс. Қатысушылардың бірі мақаланы толықтырып немесе өңдеуден өткізгеннен кейін, осы өзгерістерді байқаған өзге қатысушылар оның өңдеулерін өзгерте алады немесе сол қалпында қалдырады, кей жағдайда өңдеуін жоққа шығара алады. Егер осы өңделген мақаланы көріп, оның тарапынан ешқандай реакция болмаса, енгізілген өзгертулерге келіскендігі. Уикипедия ережелері мен басқаруларына енгізілетін өңдеулерді форумдар арқылы қауымдастықтарды ақпараттандырып, көпшілік тарапынан келісім алуға мүмкіндік бар.

Уикипедия ішіндегі талқылаулар арасында «келісімге келу» — бұл «Уикипедиядағы бекітілген ережелер мен тәртіптер» шеңберінде жүзеге асырылатын келісім болу керек. Қауымдастықпен белгіленген ережелерді ұстану арқылы келген келісім, қатысушылардан құралған кішігірім топ көмегімен келген келісімнен әлдеқайда басым болады.

Келісімге келу бағытында дұрыс ойға жүгіну

Келісімге келу — белгілі бір сұрақ төңірегінде дұрыс ойлай алатын бір топ қатысушылардың бірлескен жұмысы арқасында тиянақты және адекватты түрде берілген пікірлердің арқасында жүзеге асады. Көптеген қатысушылардың пікірлеріне қарамастан мақалаға өңдеу жасау, келісімді бұзу болып табылады.

Ережелер арқылы қатысушының жасаған өңдеулеріне нақты, дұрыс баға беру мүмкін емес. Мысалы, қатысушы қарама-қайшы пікірді ұстанатын өзге қатысушының пікірінің де белгілі бір негізі бар екендігін біледі. Өзге қатысушылардың пікіріне әділетті баға бермей, өзінің пікірінің дұрыс екендігі ойынан қайтпау — келісімге келуге мүмкіндік бермейді. Осындай жағдайларда әр екі жақтың да пікірлері бірдей бағалануы тиіс. Кейбір жағдайларда келісім өзгеруі мүмкін.

Қатысушының мақалада жасаған өңдеулері сізге біржақты сияқты көрінсе де, қатысушының ізгі ниетті мақсаты болғандығын ұмытпаңыз. Әрдайым өзге де қатысушылардың ізгі ниетті екендігін ұмытпай, этикалық тәртіпті сақтау қажет.

Келісім өзгеріске ұшырауы мүмкін

Уикипедияда келісімге келу схемасы

Келісімге келгеннен кейін оны өзгертуге де мүмкіндік бар. Қауымдастықтар да белгілі бір мәселе төңірегіндегі пікірлерін өзгертуге тиісті болады.

Мысалы кейбір жағдайларда қатысушылардан құралған бір топ, қауымдастық атынан белгілі бір мәселені шешу барысында келісімге келуі мүмкін. Бірақ та қауымдастық, нәтижесінде олардың ойларымен келіспеген жағдайда, осы мәселеде басқа келісімге келе алады.

Белгілі бір мақала төңірегінде жұмыс жасап жүрген қатысушылардың жасаған келісімі, өзге көбірек қатысушылар тарапынан келіспеушілік тудыруы мүмкін. «Келісім табылды» негізінде өзге қатысушылардың өңдеулеріне қарсылық көрсету заңдылықтарға қарама-қарсы әрекет ретінде қабылданады. Себебі ешқандай қатысушы немесе шектеулі қатысушылар тобы біржақты келісімге келе алмайды. Егер де бір қатысушы (немесе қатысушылар тобы) бұрында келген келісімнің қазіргі кезде шындықпен жанаспайтындығын алға тартса, осы мәселе төңірегінде қызығушылық танытқан бір топ қатысушыны талқылау немесе мақала бетінде өз пікірлерін бөлісу үшін шақырып, келісім жаңадан қабылдануы мүмкін.

Уикипедия бұрынғыда жасалған келісімдердің өзгертілуіне қарсылық көрсетпейді. Бір мәселе төңірегіндегі осындай пікірталастардың туындауы, тақырыптың қазірге дейін өзекті екендігінің дәлелі. Алайда, мәселе немесе белгілі бір ереже жөніндегі жеке пікірді рұқсат алмай талқыға салып, келісімді өзгерту жобаның ережелерін бұзу болып табылады.

Жобаға әр күн жаңа қатысушылар қосылып, қауымдастықтарда жаңашыл идеялар мен ақпараттар пайда болып, Уикипедияда қабылданған шешімдер үнемі өзгеріске ұшырап отырады. Сондықтан шешімдер қандай тәсілмен қабылданғанына қарамастан, бұрынғы қабылданған шешімдерді қайтадан қарастыру қажеттілігі туындайды. Әр қабылданған шешімді тұрақты, өзгертуге келмейтіндігін айтуға болмайды. Осылардың ішінде, Абсурдқа дейін жеткізбеу» нұсқауы көптеген қатысушылар тарапынан қолдау тауып, шешімдерді қайта қарау үшін бүкіл қауымдастықта кең көлемде талқыға салынуы керек. Ережелерде кішігірім өңдеу жүргізу немесе мақаладағы анықтаманы өзгерту сияқты кішігірім шешімдер талқылаулар бетінде немесе форумда қарастырылады.

«Әкем рұқсат бермеді, анамнан сұрап көрейін» (келісімге келу бағытында қате тәсілдер)

Бекітілген консенсусты өзгерту үшін бір мәселені бірнеше рет қайта көтеріп, осы тақырыпта қызығушылық танытатын қатысушылар табылып, пікірталасқа қосылатындығын үміт ету — жаңа консенсус іздеуде қате тәсіл. Уикипедиядағы келісімдер және шешімдер «бетті оқыған оқырмандар» немесе «дауыс бергендер» санымен емес, көрсетілген дәлелдердің көмегімен шығарылады. Келісімді өзгерту үшін жаңа дәлел бұрынғы дәлел негізінде құрылып, екі дәлел бір-бірімен салыстырылуы тиіс. Сол себептен келісімді өзгерту мақсатында ашылған пікірталасты талқылау бетінде жүргізіп, алдыңғы пікірталастың да мәтіндері қойылып, қатысушылар осы мәселе төңірегінде жақсы ақпараттанып, белгілі бір келісімге келуіне осылайша үлкен септігі тиеді.

Келісімді өзгертуге шешім қабылданып, талқылаулар жүргізілсе де келісім қабылданбайтын жағдайлардың басты себебі, алғашқыда талқылауға белсенді түрде қатысқан қатысушылар ендігі кезде белсенділік көрсетпеуі, талқылаудың толық түрде жүргізілмегендігін көрсетеді. Басқа қатысушылармен өңдеу қақтығысына түспей, оларды талқылауға тартуға талпыныңыз.

Келісімді өзгерту бағытында тағы да бір сәтсіз тәсілдердің бірі – талқылау үшін таңдалған орын. Талқылауды белгілі бір бетте тек қана бір рет жүргізу ең тиімді жол болып саналады. Егер сіз бастапқыда мәселені талқылау үшін таңдаған орныңыздың сәтсіз екенін аңғарсаңыз, талқылауды жаңа жерге ауыстыра аласыз.

Келісімге келу бағытындағы тәжірибе

Келісімнің болуы сол келісімге көпшілік тарапынан қолдау көрсеткендігінің дәлелі бола алмайды. Бұл көпшілік осы шешімге «көнуге» келіскендігін көрсетеді.

Қатысушылар арасында қабылданған шешімді қолдайтындар мен жақтамайтындар болып, мәселеге аса үлкен мән бермейтіндер немесе өзінің пікірін алға қою үшін жеткілікті дәлелі жоқ қатысушылар мен қатар қабылданған шешімге белсенді түрде қарсылық жасап, бірақ та Уикипедияның ережелеріне бағынып, қабылданған шешіміне еріксіз көнуге мәжбүр болған қатысушылар кездеседі. (Уикипедия ережелеріне қарамастан қол жеткізілген келісімге қарсылық танытатын белсенді қатысушылар да бар). Келісімге қол жеткізілгендіктің дәлелі — оны негізге ала отырып тақырыпты жетілдіру.

Келісімге жетудің басты тиімді жолдардың бірі — барлық жақтардың пікірі айтылып, дәлелдерің тексерілуі. Бірақ та пікірталасқа қатысқан қатысушылардың тиімді ынтымақтастыққа ұмтылмауы, көп жағдайда бірыңғай шешімге келуге қиындық әкеледі. Кейбір жағдайларда келісімге келу мүлдем мүмкін болмай, келісімге келу жолдарын анықтау да мүмкін болмайды.

Тәжірибеде көптеген қатысушылар қызықтыратын сұрақтың талқылауы жүріп жатқан бетке кіріп баға береді. Бірақ бұл тәсіл келісімге келуге апаратын жол емес. Келісімге келу үшін келтірілген дәлелдердің күші мен сапасын бағалап, тексеріп көру қажет. Кейбір күрделі жағдайларда Уикипедияның нұсқаулары мен ережелеріне де көз салу артық болмайды. Тек қана осындай тиянақты жұмыстың арқасында келісімге келу мүмкін болады.

Азшылық пікірінің маңызды аспектілерін қамтып көрсетіп, пікірталастың басты мақсаты — ымыраға келу болып табылады. Пікірталастың ұзақтығы алдын ала белгіленіп қойылса, барлық қатысушылармен белгілі бір ымыраға келу қиын болады. Осындай жағдайда негізгі қатысушыларды қанағаттандыратын түрді таңдау қажет. Азшылық тарапынан берілген дәлелдерді қабылдамау көптеген мәселелердің туындауына себепкер бола алады. Біріншіден, мәселенің маңызды аспекттерін жіберіп қойып, кейін келісімнің қайта қарастырылу қажеттілігі туындайды. Екіншіден, азшылықтың пікірмен санаспау, оларға жасалған әділетсіздік ретінде бағаланып, жеке конфликтердің туындауына себеп болады.

Уикипедияда шешімдер дауыстарды формальды түрде есептеу негізінде жасалмайды: Уикипедия — демократия жолындағы тәжірибе жасайтын орын емес. Дауыс беру мен сауалнамалар — Уикипедиядағы ережелерге сәйкес ерекше жағдайлардан басқа кездері, шешім қабылдауда маңызды рөл атқармайды. Шынайы шешімдер пікірталас кезінде қалыптаса бастайды. Сондықтан да сауалнама жүргізілген жағдайда, жауаптармен бірге дәлелдемелер де келтірілуі тиіс. Осындай тәсіл пікірталас үшін жақсы бастама болып ымыраға келуге көмек көрсетеді. Өзінің позициясын жақтау мақсатында жақсы дайындалған бір ғана қатысушы пікірталаста жеңіске жетуі мүмкін.

Талқылау бетін қолдану

Келісімге келу бағытында талқылау беттерін қолдану шарт саналмайды. Бірақ та пікірталас ұйымдастыру үшін талқылау беттері тиімді болып есептеледі. Бір мақалаға өңдеу жұмыстарын жүргізбей тұрып, мақаланың талқылану бетіне кіріп, осы мәселе бастапқыда талқыға салынбағандығына көз жеткізу керек. Басқа жағдайларда мақаланы өңдеуге кірісе беріңіздер. Себебі Уикипедияның басты мақсаты мақалаларды жетілдіру болып табылады.

Өңдеулер жайындағы талқылаулардың ұзындығы шектеулі болғандықтан, бұрыс түсінілуі мүмкін. Көптеген жағдайларда мақала өңдеу кезінде түсінбестіктер орын алады. Сондықтан даулы, шетін мәселелер туындаған кезде, мақалаға өңдеу жасамай тұрып, талқылау бетін қолдану жөн болады. Егер сіз қатысушының жасаған өңдеуімен келіспесеңіз, біраз уақыт күтіңіз, талқылау бетінде мақалаға қатысты пікірлер жазылуы мүмкін.

Тағы қараңыз