Мазмұнға өту

Шабындық

Уикипедия — ашық энциклопедиясынан алынған мәлімет
A.
Шабындық.

Шабындық — жаз бойы өсуге бейімделген шөптесін өсімдіктер биогеоценозы. Табиғи Шабындық орташа ылғалдылық жағдайында дамитын көп жылдық мезофиттік шөптесін өсімдіктердің өсуіне қолайлы жерлерде болады. Жайылма су қаптаған, тау бөктерлері, далалы және шөлейт аймақтарда көлдетіп суарылатын жерлерде табиғи шабындық өседі. Шабындыққа мал жайылады, пішен шабылады және Шабындық өсімдік түріне, табиғат жағдайына, түсіміне, жер отына қарай алуан түрлі болады. Шабындық жерлерде 4000-нан астам шөптесін өсімдік түрлері өседі. Оларға емдік сиырсілекей, бұршақ тұқымдастарының бірнеше түрі, қарандыз, горечавка, сарғалдақ, чихотник, дәнді-қияқты өсімдіктер, тағы басқа жатады. Шабындық тың құрлық Шабындығы, суармалы жер шабындығы, тау шабындығы деген түрлері болады. Құрлық шабындығы — жазық далада, сай-салалы жерде қар, жаңбырдан нәр алып, ыза сулары жақын жерде өседі. Орманды, орманды-далалы және далалы аймақтың ойпаң жерлеріндегі шабындықтың шөбі қалың өседі. Суармалы шабындық — өзен алқаптарында су тасыған кезде су жайылатын жерлерде өседі. Тау шабындығы ылғалды, ауа райы жылы таулы аудандарда, субальпілік, альпілік белдеуде өседі. Бұлардың шөбі аласа, көбінесе мал жайылымына пайдаланылады. Қазақстанның ылғалы жеткілікті өңірлерінде әр гектардан 12 — 15 ц, су жайылатын ойпаң жерлерден 15 — 20 ц, орманды-далалы аймақтарда 6 — 10 ц, шөбі шүйгін, шымды, ойпаң жерлерден 20 — 30 ц пішен жиналады. Жыл сайын дайындалатын пішеннің 99-ы табиғи шабындықтан алынады. Қазақстанда пішен шабуға жарамды 7,3 миллионга шабындық бар. Бұл аймақтарға Солтүстік Қазақстан, Қостанай облыстарының солтүстік жатады. Павлодар, Ақмола, Қостанай, Батыс Қазақстан, Ақтөбе, Қарағанды, Шығыс Қазақстан облыстарында шабындық өзен-көл алқабы, сай-сала, ойпаң жерлерден жиналады. Шөбі шүйгін құнарлы шабындық Ертіс, Жайық өзендері алқабының көктемдегі тасыған су жайылатын жерлерінде көп өседі. Мұндай шабындықтың әр гектарынан 8 — 10 ц пішен алынады. Сортаңдау шалшықты жерлерде биік бидайық, қияқ өседі, олардан 8 — 20 ц пішен жиналады. Қазақстанның шөлейт аймағында өсетін шабындықта масақты шөптер мен бидайық кездеседі, оның әр гектарынан 5 — 7 ц пішен жиналады. Шөлді аймақта шабындық көбінесе Сырдария, Шу, Іле сияқты ірі өзендердің алқабында ғана болады. Бұл жерлердің шөбі — ірі сабақты құрақ, қамыс, әр түрлі масақты өсімдіктер, әр гектарынан 10 — 15 ц-ден 20 — 25 ц-ге дейін пішен жиналады. Республикада шабындық жерлерді жақсарту үшін өсімдігі сирек жерлер жыртылып, өнімі мол шөп тұқымы егіледі. [1]

Сілтемелер

[өңдеу | қайнарын өңдеу]

Пайдаланған Әдебиет

[өңдеу | қайнарын өңдеу]
  1. Қазақ Энциклопедиясы, 9 том 18 бөлім