Қызба

Уикипедия — ашық энциклопедиясынан алынған мәлімет
Навигацияға өту Іздеуге өту

Қызба (лат. febris) — дененің кейбір ауруларға қарсы қорғаныш реакциясы. Мұндайда температура көтеріледі, ол ағзаның қорғаныштық қуатын арттырады. Қызыну жұқпалы және жұқпайтын аурулармен ауырғанда (улану, аллергия, т.б.) пирогендердің микробтар және олардың улары, бөгде ақуыздар, олардың ішінде сарысу (сыворотка) мен вакциналар; кейбір химиялық заттар әрекеттеріне жауап ретінде пайда болады. Қызбаның аса күшеюі әр түрлі мүшелер мен жүйелер қызметінің бұзылуына әкеліп соғады, жүйке жүйесі (бас ауыру, бас айналу, есеңгіреу), жүрек-қантамыр және тыныс жүйелері қызметі (жүрек соғуы мен тыныс алу жиілейді), зат алмасу бұзылады, кіші дәрет дұрыс жүрмейді.[1]

Қызбаның этиологиясы

[өңдеу | қайнарын өңдеу]

Қызба этиологиясына байланысты бөлінеді:

  • себепкердің табиғатына байланысты: инфекциялық және инфекциялық емес;
  • пирогеннің сипатына байланысты: эндогендік және экзогендік деп бөлінеді.

Табиғатына байланысты жіктелуі

[өңдеу | қайнарын өңдеу]

Табиғатына байланысты инфекциялық және инфекциялық емес қызбаны ажыратады.

Инфекциялық қызба

[өңдеу | қайнарын өңдеу]

Жұқпалық агенттердің (бактериялар, вирустар, саңырауқұлақтар, қарапайымдылар) инвазиясымен байланысты дамиды. Бұл инфекциялардың бүліндіргіш әсеріне немесе бөлінген уларымен күресу үшін ағза температурасын арттырады.

Инфекциялық емес қызба

[өңдеу | қайнарын өңдеу]

Инфекциялық емес қызба тіндердің бүлінуіне әкелетін сыртқы және ішкі факторлардың әсерінен дамиды: күйік, жарақат, инфаркт, қан құю, аллергия, қатерлі ісік т.б. себептер.

Пирогеннің сипатына байланысты жіктелуі

[өңдеу | қайнарын өңдеу]

Пирогеннің сипатына қарай қызба: эндогендік және экзогендік болуы мүмкін.

Экзогендік пирогендер

[өңдеу | қайнарын өңдеу]

Экзогендік пирогендер ағзаға жұқпалық агентермен бірге кіреді. Экзогендік пирогендердің мысалына, граммтеріс бактериялардың сыртқы мембранасының құрамына кіретін липополисахаридтерді алуға болады. Бұлардың тым мардымсыз мөлшерінің (0,0001 мг/кг) өзі адамдар мен жануарларда қызба дамытады. Экзогендік пирогендер ағзада дене қызуын эндогендік пирогендердің өндірілуін күшейту арқылы әсер етеді.

Эндогендік пирогендердің бірі - интерлейкин-1-дің молекулалық құрылысы

Эндогендік пирогендер

[өңдеу | қайнарын өңдеу]

Эндогендік пирогендер ағзаның ішінде түзіледі. Гомеостаздың әртүрлі бұзылыстарына жауап ретінде көптеген жасушалар бөліп шығаратын цитокиндер, олардың ішінде интерлейнин- 1 эндогендік пирогендер қасиетіне ие. Экзогендік пирогендердің қызбалық әсері эндогендік пирогендер жәрдемімен жүретіндігі анықталған. Экзогендік пирогендер, мысалы липополисахаридтер болса, лейкоциттерді және басқа да жасушаларды пирогендік цитокиндерді өндіруге ынталандырушы факторлар ғана болады. Адамдар мен жануарларда эндогендік пирогендік заттар түзілуіне байланысты дамитын қызбаның өзінен эмоциялық күйзеліс кезінде, кейбір гормондар әсерінде дамитын дене температурасының көтерілуін ажырата білу керек; көп жағдайларда температура көтерілуінің бұл түрлеріне симпатикалық жүйке жүйесінің тікелей ынталануы себеп болады; бұл жағдайларда дене температурасының көтерілуі қысқа мерзімді.

Қызбаның патогенезі

[өңдеу | қайнарын өңдеу]

Этиологиясында және температура көтерілуінің дәрежесіне қарамастан қызбаның үш сатысын ажыратады:

  • температураның көтерілуі сатысы (stadium incrementum);
  • температураның нормаға қарағанда жоғары деңгейде тұрақтану сатысы (stadium fastigium);
  • температураның төмен түсу сатысы (stadium decrementum).

Температураның көтерілуі сатысы

[өңдеу | қайнарын өңдеу]

Дене температурасының көтерілуі әртүрлі жылдамдықта жүреді. крупозды пневмонияда, мысалы, температура бірнеше сағат ішінде 40 0 С- ге дейін көтерілуі мүмкін, іш сүзегінде 4-5 күнде ғана 39°С- ге жетеді. Сирек жағдайларда, мысалы, безгекте, температура 30 минуттың ішінде 3°С – қа көтерілуі мүмкін.

Температура көтерілуінің дәрежесі мен жылдамдығы қандағы пирогендік заттардың концентрациясына, пирогендік заттардың миға түсіп анықтайтын гематоэнцефалиялық тосқауыл қасиеттеріне және ауру реактивтілігінің ерекшеліктеріне тәуелді. Дене температурасы белгілі бір шекке жеткенде, оның өсуі тоқтайды, қалтырау жойылады, тері жылиды және қалыпты реңін алады. Жылу өндіру мен жылу беру арақатынастарын жаңа деңгейде қалыптасады (дене температурасының реттелу тетігін қараңыз). Дене температурасы жаңа деңгейде тұрақтануы - қызбаның екінші сатысы басталады.

Температураның тұрақтану сатысы

[өңдеу | қайнарын өңдеу]

Жоғарғы деңгейге көтерілген температура бірнеше күн, сағат тұрақталып тұрады. Бұл кезде дене температурасының реттелу теңдігі жаңа жоғарғы деңгейге көтеріледі де, жылу өндіру мен жылу шығару баланста болады. Бұл сатыда дене температурасының көтерілу дейгейіне қарай келесі түрлері ажыратылады:

  • шамалы (субфебрильдік) қызба - 380С дейін көтерілуі;
  • орташа қызба - 38-390С;
  • қатты қызба - 39-400С;
  • асқын (гиперпиреттік) қызба - 410С-тан жоғары температура;

Температураның төмендеу сатысы

[өңдеу | қайнарын өңдеу]

Пирогендік заттарды өндіру тоқтағанда дене температурасы нормаға дейін төмендейді. Бұл кезде жылу беру жылу өндіруден басым бола бастайды. Тері тамырлары кеңейіп, оның температурасы көтеріледі, жылу жоғалту сәулелену, өткізу және жылуды булану арқылы беру күшейеді, ыстық сезімі пайда болады, тері қызарады және ылғал болады.

Қызбаның үшінші сатысындағы дене температурасының төмендеу жылдамдығы әртүрлі болады. Температура 10-12 сағ. ішінде 2-30 С түсіп кетеді мүмкін- бұл температураның дағдарыстық (кризистік) түсуі, мысалы, крупозды пневмонияда немесе осындай мөлшерге 6-7 күнде жетуі - бұл температураның лизистік түсуі, ол іш сүзегіне тән. Ағзада пирогендік заттардың пайда болуы «ішкі термостаттың орнықтыру нүктесін» жоғары деңгейге көтеретінін түсіну үшін, адам температурасы қалыпты жағдайда қалай реттелетінін еске алу керек[2].

Қызбаның түрлері

[өңдеу | қайнарын өңдеу]
Қызбаның түрлері
  • A-тұрақты қызба
  • B-жедел басталған және аяқталған тұрақты қызба
  • C-босаңситын қызба
  • D-ұстамалы қызба
  • E-бруцеллезге тән қызба
  • F-іш сүзегіне тән қызба

Қызба кезінде болатын температуралық сызықтардың бірнеше түрлері байқалады: Тұрақты қызба (febris continua) - дене қызуы жоғарғы деңгейге көтерілген (39-400С) көтерілген, таңертеңгі және кешкі температуралардың айырмашылығы 10С-тан аспайды. Бұл тип скарлатина, крупозды пневмония, бөртпе ауруларына тән.

Босаңситын қызба (febris remittens) - жоғарғы деңгейдегі дене температурасы таңертең және кешке 1,5-20С-қа өзгеріп тұрады, бірақ қалыпты деңгейге дейін төмендемейді. Бұндай температура туберкулез, плеврит кезінде байқалады.

Ұстамалы қызба (febris intermittens) - дене температурасы тез бірнеше сағаттың ішінде кешкісін 39-400С-қа дейін және одан да жоғары көтеріледі, таңертең қалыпты деңгейге, кейін одан да төмен төмендейді. Бұндай температура безгек кезінде байқалады.

Қалжырататын қызба (febris hectica) - таңертеңгі температура мен кешкі температураның айрмашылығы 3-50С болуы мүмкін. Бұндай темпертуралық сызық сепсиске тән.

Келбетсіз қызба (febris athypica) - температураның тәуліктік өзгеруі бей-берекет, ретсіз болады. Балалар мен қарттарда, сепсис кезінде байқалады[3][4].

Қызба кезіндегі организмдегі өзгерістер

[өңдеу | қайнарын өңдеу]

Қызба көптеген ағзалар, соның ішінде ОЖЖ, иммунды жүйе, жүрек-қантамырлар жүйесі, тыныс алу жүйесі, ас қорыту жүйесі және басқада жүйелердің қызметінің бұзылыстарымен бірге жүреді. Көпшілік жағдайда бұл өзгерістер сәйкес ағзалар жасушаларына цитокиндердің жедел фаза жауабы арқылы жүретін тікелей әсері мен байланысты. Бірақ та кейбір қызмет түрлерінің, бұзылыстары, дене температурасының көтерілуінің және қызбамен байланысты тамырлық реакциялардың тікелей салдары деп есептеуге болады. Бұларға, балаларда температура 40-410С –ге дейін көтерілген кезде пайда болатын неврологиялық бұзылыстарды (сандырақ және тырыспалар) және жүрек жиырылуы жилігінің артуын (10С 10 соққы) кіргізуге болады, бұл жүректің синустық түйінінің ритмін қамтамасыз ететін жүргізуші жасушалар импульсінің разрядын тудыратын реакциялар жылдамдығының өзерісінің тікелей салдары болады. Тері тамырларының қызбаның бірінші сатысындағы қысылуы, қан ағымына шеттік тамырлардың жалпы қарсылығын күшейтеді. Бұл - артериялық қысымның көтерілуін туындатады. Екінші сатыда артериялық қысым әдетте түсіп кетеді (әсіресе гипертензияда), ол бүйрекішілік тамырлардың кеңейюінің нәтижесі болуы мүмкін. Артериялық қысымның едәуір түсуі қызбаның үшінші сатысында, тамырлардың кеңейюіне және тер бөлінудің күшейюіне байланысты болуы мүмкін. Температураның көтерілуі тыныс алу орталығының қозуын өзгертеді. Температураның көтерілу кезеңінде тыныс алу қозғалысының жиілігі артады, ал тереңдігі азаяды, бұл минөттік альвеолалық желдетудің және артериалық қандағы оттегінің парциалдық кернеуінің төмендеуіне алып келеді. Қызбаның жоғары деңгейінде гипервентиляция және респиратолық алкалоз дамуы мүмкін

Дереккөздер

[өңдеу | қайнарын өңдеу]
  1. «Қазақстан»: Ұлттық энцклопедия / Бас редактор Ә. Нысанбаев – Алматы «Қазақ энциклопедиясы» Бас редакциясы, 1998 жыл, ISBN 5-89800-123-9, I том
  2. Патофизиология - Ә.Нұрмұхамбетұлы, Алматы, 2011 жыл
  3. Патологиялық анотомия терминдерінің орысша – латынша – қазақша түсініктеме сөздігі.- Ақтөбе. ISBN 9965-437-40-8
  4. Шаңырақ : Үй-тұрмыстық энциклопедиясы. Алматы : Қаз.Сов.энцикл.Бас ред., 1990 ISBN 5-89800-008-9