Израиль
Израиль (ивр. יִשְׂרָאֵל, араб.: إِسْرَائِيل), ресми — Израиль мемлекеті (ивр. מְדִינַת יִשְׂרָאֵל Мединат Исраэль, араб.: دَوْلَة إِسْرَائِيل Даулят Исра’иль) — Таяу Шығыс елі, Азия мен Африканы қосып тұр. Георафиялық орналасуы бойынша – мемлекет Азияның оңтүстік-батысында орналасқан.
Біріккен Ұлттар Ұйымы Бас Ассамблеясының 1947 жылы 29 қарашадағы Палестинаны бөлу жөніндегі шешімі бойынша берілген жер көл. 14 мың км², ал 1948 – 49 жылдары араб-израиль соғыстары барысында басып алған жерлерін қосқанда 20,7 мың км².
Тарихы
[өңдеу | қайнарын өңдеу]Израиль жері – ежелгі мәдениет гүлденген аймақ. Еврейлер өздерін осы аймақты мекендеген ежелгі ұлт деп есептейді.
Ежелгі мемлекеті
[өңдеу | қайнарын өңдеу]Израиль мемлекеті еврейлік дәстүрмен Израль халқына мұраға қалдырылған Израиль елінде пайда болған. Бұл Иисустың дүниеге келген және мұсылман дінінің елшісі Мұхаммедтің көкке көтерілген жері. Иисус Израиль елін римдектер басқарып отырға нкезде дүниеге келген. Біздің эрамыздың IV ғасырында Израиль елі көпшілік санасына Қасиетті Жер ретінде қалыптаса бастады. Елде көптеген шіркеулер мен монастырлер салынды. Мұнда қасиетті тастар сақталады.
640 жылы Израиль елі Омар халиф әскерімен жауланды. Арабтардың жаулап алуы Израиль елінде мұсылман билігінің бастамасы болды. Осы кезде мәдениет пен діннің алмасу үрдісі басталды. Мұсылман дәстүрі бойынша Иерусалим қаласы қасиетті болып есептеледі, себебі, Мұхаммед елші осы қаладан көкке кеткен. Егер басында мұсылман арабтары хрисандарға Иерусалим қаласына кіруге рұқсат берсе, XI ғасырдан бастап Иерусалимге христиандарға кіруге рұқсат бермеді. Осы кезде II Урбан Папасы Еуропа рыцарьларын жинап, мұсылман қоластынан қасиетті жерлерімізді аламыз деген ұранмен шабуылға шықты. Осылайша 1099 жылы Иерусалим қаласын басып алды. 1187 жылы Египет пен Сирия әскері темпилерлерді талқандап, мәмлүктердің билігін орнатты. Израиль елінің тарихында ерекше орын алатын Наполеонның Шығысқа Египеттік жорығы немесе Таяу Шығыс жорығы болды. Наполеонның қасиетті жерге келуі еуропалықтардың көзін қайта ашты. Олар енді аймақтың экономикалық және стратегиялық маңыздылығын қайта аңғара бастады.
XX ғасыр
[өңдеу | қайнарын өңдеу]Қазіргі Израиль мемлекеті 1947 жылы 29 қарашадағы Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас Ассамблеясы шешімі негізінде 1948 жылы 14 мамырда өз тәуелсіздігін жариялаған. Оған бұрынғы Палестина жерінің 56%-ы (14 мың км2) беріліп, Израиль мен оның төңірегіндегі аймақ бейтарап зона деп жарияланды. Жаңа мемлекет құрыла салысымен оған қарсылық ретінде бірнеше араб мемлекеті басып кірді. Соғыс 1 жылдан аса уақытқа созылып, Израильдің пайдасына шешілді. Ол басқа елдердің қарсылығына қарамастан, БҰҰ шешімімен арабтық Палестина мемлекетіне берілген жердің көп бөлігін (6,7 мың км2) және Иерусалим қаласының батыс бөлігін басып алды. Израиль басып алған жерлерінен 1 млн-нан аса арабтарды қуып жіберіп, БҰҰ-ның 1948 жыды 11 желтоқсанда шығарған босқындардың отандарына қайтып оралу құқы туралы қарарын орындаудан бас тартты.
1949 жыды Израиль Мысырмен (25 ақпан), Ливанмен (23 наурыз), Иорданиямен (3 сәуір), Сириямен (20 шілде) уақытша бітім жасасты. Бірақ арабтармен екі арада соғыс тоқтатылған жоқ.
1956 жылы Израиль Ұлыбритания және Франция жағында Египетке қарсы соғысты.
1967 жылы маусымда Египетке, Сирия мен Иорданияға тұтқиылдан шабуыл жасап, жеңіске жетті де, арабтардан Синай жарты аралын, Газа секторын, Иордан өзенінің батысын, Иерусалимнің арабтық бөлігін, Голан жотасын басып алды.
1973 жылы қазан айында қайта басталған Израиль мен араб елдері арасындағы соғыс БҰҰ-ның талабымен желтоқсан айында тоқтатылды.
1975 жылы Синайдан әскерді әкету туралы Египетпен арада келісім жасалынды. 1978 жылы Кэмп-Девидте (АҚШ) Египет пен Израиль арасында тағы келісім жасалып, Египет Синайды өзіне қайтарып алды.
1980 жылы Израиль үкіметі Иерусалимді “өзінің біртұтас және бөлінбес астанасы” деп жариялап, Сирия жері болып табылатын Голан жотасын өзіне қосып алғандығын жариялады. Бұл әрекет БҰҰ тарапынан заңсыз деп айыпталды.
1981 жылы Израиль мен АҚШ арасында стратегиялық ынтымақтастық туралы келісім жасалды.
1982 жылы маусымда Израиль әскерлері Ливанға басып кіріп, астанасы Бейрут қаласын қоршауға алды және онда тұрған Палестинаны Азат ету ұйымының қарулы жасақтары штаб-пәтерін елден кетуге мәжбүр етті. Ливанның оңтүстігіне басып кірген әскер тек 2000 жылы кері шығарылды.
1995 жылы Газа секторы автономияға қол жеткізді. Дегенмен әлі де араб елдерімен арада бейбіт келісімдерге қол жетпей отыр.
Географиясы
[өңдеу | қайнарын өңдеу]Табиғаты
[өңдеу | қайнарын өңдеу]Израиль теңіз жағалауында, 500 – 1000 м. биіктіктегі таулы қыратта орналасқан. Климаты субтропиктік. Солтүстік жауын-шашынды, оңтүстікке қарай жартылай – шөл және шөлейтті. Солтүстік-шығысында Иордан өзені ағып жатыр. Ұсақ өзендері жазда құрғап қалады. Жері пайдалы қазбаларға, өсімдіктер дүниесіне кедей. Үлкен ормандар жойылып кеткен.
Солтүстігінде – Ливанмен шекараласады. Солтүстік-шығысында – Сириямен, шығысында – Иорданиямен, ал оңтүстік батысында Мысырмен шекараласқан. Батысында Жерорта теңізімен шектеседі (жағалау сызығы – 230 км), оңтүстігінде – Қызыл теңізбен шектескен (жағалау сызығы – 12 км). Ортақ ауданы шамамен 21,643 шаршы метр.
Климаты
[өңдеу | қайнарын өңдеу]Израиль климаты - әртүрлі болып келеді. Елдің орталық және солтүстік бөліктерінде жерорта теңіздік климат, яғни, ыстық жаз бен жаңбырлы қыс. Израильдің оңтүстік және шығыс аумақтарында шөлді климат. Шөл мен теңізге жақын аудандарда жартылай құрған зона. Күз бен көктем елге келуге ең ыңғайлы кезең. Жазы ыстық. Шілде-тамыз айларындағы орташа температура 24 – 28°С, Гхор ойпатында 36°С-ке дейін. Қысы жылы, оңтүстік-батыста қаңтардағы температура 6 – 14°С, ал қалған өңірлерде 18°С. Жауын-шашынның жылдық мөлшері Гхор ойпаты мен Негев шөлінде 100 – 200 мм, кей жерлерде тіпті 100 мм-ге дейін, таулы жерлер мен Жерорта теңізі жағалауларында 400 – 800 мм. Жауын-шашын, негізінен, қыс айларында болады.
Ландшафт
[өңдеу | қайнарын өңдеу]Израиль негізінен үш регионға бөлінеді: теңізге жақын орналасқан теңдік, таулы регион және Иордан даласы. Теңіз теңдігі – елдің батыс бөлігі. Ал шығысына таман қыраттар бар. Таулы район – солтүстігіндегі Ливаннан бастап оңтүстігіндегі Эйлат шығанағына дейін созылған және теңіз теңдігі мен Иордан даласының ортасында жатыр. Таулы аймақтың сольүстігіндегі климат – жерортатеңіздік, жаңбырлы, а лоңтүстігінде – шөлейт. Самари және Иудей қыраттарының солтүстік бөліктері сәйкесінше Самари мен Иудей шөлдеріне ұласады. Иордания даласы – солтүстігінде Метуладан бастап оңтүстігінде Қызыл теңізге дейін жалғасып, бүкіл Израильді басып өтеді. Иордан Израильдің ең үлкен өзені. Ол Иордан даласы арқылы ағып жатыр. Иордан өзені өз жолында Киренет өзенін және тұзды Өлі өзенді қосады.
Флора мен фауна
[өңдеу | қайнарын өңдеу]Израиль климаттық және географиялық зоналардың ортасында болғандықтан флора мен фаунасы өте бай. Оның флорасында 2380-ге жуық өсімдік түрі кездеседі, ал олардың кейбіреулері өз кезегінде тек Израильде ғана кездеседі. Шөлейт жерлерде өімдіктер сирек кездеседі. Израиль фаунасы мөлшермен 100-ге жуық жабайы суқоректілерден тұрады. Израиль территориясында 510 құс түрі кездеседі, олардың көбісі жыл құстары. Израиль «бөтелке ауызы» тәрізді жыл құстары ұшатын жер, яғни, теңіз бен шөлейттің арасындағы миллиондаған құстардың солтүстіктен оңтүстікке және оңтүстіктен солтүстікке қарай ұшқандағы демалыс орны болып табылады. Қызыл теңіздің суасты әлемі де тропикалық балықтар мен түсті кораллдарға бай.
Экономикасы
[өңдеу | қайнарын өңдеу]Израиль дамыған аграрлы-индустриальды ел. 1995 жылғы есеп бойынша, жылдық ұлттық табыс 70 млрд. доллар шамасында, әр адамға шаққанда жылдық табыс мөлшері – 14,4 мың доллар. Елде меншіктің үш түрі (жеке меншік, мемлекеттік, кооперативтік – кәсіподақтық), әскери өнеркәсіп жақсы дамыған. Дегенмен Израиль экономикасы, негізінен, сырттан АҚШ пен Еуропа Одағы елдері тарапынан қаржыландырып отырады. Қорғанысқа ұлттық табыстың 15%-нан астамы жұмсалады. Елде жыл сайын сырттан келетін еврей ұлтты иммигранттарға қолайлы жағдай туғызылған. 1983 – 96 жылдары елге ТМД елдерінен 800 мыңнан астам адам келіп қоныстанды. Экономикадағы өнеркәсіптің үлесі – 21%, ауылшаруашылығы – 3%. Елде медициналық электроника, байланыс құралдары, компьютерлер шығару жақсы дамыған. Оған қоса металл өңдеу, машина жасау (кеме мен авиация, әскери техникалар шығару), электротехника, химия, алмаз өңдеу, т.б. өндіріс орындары шоғырланған. Ауыл шаруашылығында, негізінен, цитрусті жемістер (1,5 млн т.) өсіріледі. Оған қоса жеміс-жидек, бау-бақша, гүл өсіру, құс өсіру жақсы дамыған. Астық өнімдері сырттан әкелінеді. Сыртқы сауда айналымы – 40 млрд. доллардан астам. Негізгі сауда серіктестері – АҚШ пен Батыс Еуропа елдері. Израиль сыртқа қару-жарақ сататын әлемдегі он елдің ішіне кіреді (2 млрд. доллар).
Мемлекеттік құрылымы
[өңдеу | қайнарын өңдеу]Израильде ел Конституциясы жоқ. Мемлекеттік құрылымдар жекелеген заң актілері бойынша реттеліп отырады. Мемлекет басшысы – парламент (кнессет) 4 жылға сайлайтын президент. Бірақ оның билігі шектеулі. Үкімет билігі премьер-министрдің қолында (2001 жылдан Ариэль Шарон). Заң шығарушы орган – бір палаталы парламент. Ол халық 4 жылға сайлайтын 120 депутаттан тұрады. Басқару формасы – парламенттік демократия.
Израиль мемлекеті 1948 жылы 14 мамыр күні БҰҰ Бас Ассамблеясының 1947 жылдың 29 қарашасында қабылданған №181 қарарына байланысты құрылғандығы туралы жариялады. Тәуелсіздік декларациясына байланысты Израиль еврейлік мемлекет болып табылады. Сонымен қатар, Израиль көпұлтты және демократиялық мемлекет болып есептеледі, онда еврейлермен бірге басқа да этникалық және діни топтардың да тең құқықтары сақталады. Кнессетте друз және бәдәуи депутаттары, араб партиялары және депутаттары көрсетілген. Израиль мемлекетінің билігі демократиялық қағидаларға сүйеніп, үш тармақтан тұрады: заң шығарушы, атқарушы, сот билігі. Кнессет – израильдік парламент – партиялардың пропорциялық өкілдігімен 120 депутаттан тұрады. Парламенттік сайлаулар әр төрт жыл сайын болып тұрады. Кнессеттің құпия дауыс беру арқылы үкіметті тарату құқығы бар. Израиль мемлекетінде жинақталған конституция жоқ, оның орнын уақытша негізгі заңдар жинағы атқарады. 2003 жылы Кнессетте осы заңдарға негізделіп конституцияны құрастыру жобасы басталған.
Израиль мемлекеті парламенттік жүйе арқылы басқарылады және барлығының сайлауға құқығы бар демократиялы ел болып танылады. Президент – формальді түрде мемлекет басшысы, бірақ негізінен оның қызметі – салтанат құру (церемониальные). 2000 жылғы қабылданған заң бойынша Президент 7 жылға бір рет қана сайлану құқығы бар.
Премьер-министр үкімет басшысы болып табылады және өзінің орнында төрт жыл отырады. Әдетте, парламенттік сайлау кезінде көп дауыс жинаған партияның төрағасы премьер-министрлікке тағайындалады. Егер кандидат Кнессеттің көпшілігінің қолдауын таба алмаса және 45 күннің ішінде үкіметті құра алмаса, онда оның орнын екінші көп дауыс жинаға партияның төрағасы алады. Егер үкімет 75 күннің ішінде құрылмаса, қайта сайлаулар жүргізіледі.
Сот билігінің жоғарғы органы – Жоғарғы Сот (Әділдіктің Жоғарғы Соты). Ол азаматтық және қылмыстық істерді қарайтын соңғы инстанциясы болып табылады, сонымен қатар, конституциялық соттың да рөлін атқарады [1].
Израильде бір де бір партия абсолюттік басымшылыққа ие болмайтын көппартиялы жүйе қалыптасқан. Бұл жүйе Израиль мемлекеті 1948 жылы құрылғанға дейін қалыптасқан. Бастапқы кезде негізгі күшті социалистік бағыттағы партиялар құрады («МАПАЙ» сияқтылар). Сонымен қатар, оңшыл партиялар болды (ең салмақтысы – «Херут»), олардың арасындағы «Эцель» және «Лехи» саясатпен қатар ағылшын оккупанттарына қарсы террористік қызметпен айналысқан.
Израиль мемлекеті құрылғаннан кейін үкіметті «МАПАЙ» басқарды, ал оның көшбасшысы Давид Бен-Гурион премьер-министрі болды. 50 жылдары өте солшыл «МАПАМ» алып күшке ие болды. «Ревизионистер» партиялары («Херут») және либералды-буржуазиялық бағыттағы партиялар сол кезде оппозицияны құрады.
Израильде партияларды оңшылдар және солшылдар деп бөлінуі басқа мемлекеттерде танылған дәстүрлі түсініктен ерекшелеу. Партияларды мынадай қағидаларға байланысты бөлуге болады: бейбіт үрдіске көз-қарас және дінге көз-қарас.
Дәстүрлі түрде арабтармен болған конфликтті бейбіт түрде шешуге талпынатын солшыл партиялар болып табылады; бұл партиялар («Авода», «Яхад-Мерец» сияқты және араб партиялары) көптеген территориялық шегіністерге дайын. Оңшыл партиялар («Ликуд», «Мафдал-Ихуд Леуми» сияқтылар) қатаң бағыттарды ұстанады. Қазіргі кезде үкіметті Биньямин (Биби) Нетанияху бастаған оңшыл орталық «Ликуд» партиясы басқарады. «Кадиманың» көшбасшысы Ципи Ливни бейбіт келісімдерге дайын екендігін білдірген болатын (мысалы, Аннаполистегі конференция) [2].
2009 жылғы ақпанда болған сайлауда Кнессеттің 18 отырысына (созыв) өткен партиялар:
- «Кадима» (Кнессеттегі орын: 28) — көшбасшысы Ципи Ливни
- «Ликуд» (Кнессеттегі орын: 27) — көшбасшысы Биньямин Нетаньяху
- «Біздің үй — Израиль» (Кнессеттегі орын: 15) — көшбасшысы Авигдор Либерман
- «Авода» (Кнессеттегі орын: 13) — көшбасшысы Эхуд Барак
- «ШАС» (Кнессеттегі орын: 7) — көшбасшысыЭли Ишай
- «Яхадут а-Тора» (Кнессеттегі орын: 5) — көшбасшысы Яаков Лицман
- «Ихуд Леуми» (Кнессеттегі орын: 4) — көшбасшысы Яаков Кац
- «Хадаш» (сонымен қатар Израиль Коммунистік Партиясы) (Кнессеттегі орны: 4)
- «Біріккен араб тізімі» — «Тааль» (Кнессеттегі орын: 4)
- «Еврей үйі» (Кнессеттегі орын: 3) — көшбасшысы Даниэль Гершкович
- «Балад» (Кнессеттегі орын: 3)
- «Мерец» (Кнессеттегі орын: 3) — көшбасшысы Хаим Орон [3].
2009 жылы ақпандағы сайлауда үкімет басына Биньямин Нетанияху бастаған оңшыл орталық коалиция келгеніне бір жылдан асты. Оның ядросын үш оңшыл орталық партиялар құрады – басқарушы Ликуд, «Біздің үй – Израиль» «орыстар» («израильдік акценті» бар) партиясы және сефардтар-традиционалистер әлеуметтік-популистік қозғалысы ШАС; ал флангтарда солшыл Еңбек партиясы («Авода»), діни сионистертердің оңшыл блогі «Еврей үйі» - Жаңа Мафдал және ашкеназдар-ультраортодокстер блогі «Таурат еврейлігі». Көптеген «жаманойлаушылардың» айтуы бойынша сондай әртүрлі ойлайтын және әртүрлі мақсаттары бар үкімет ары кетсе екі-үш айға дейін ғана шыдауы керек болатын. Бірақ сарапшылардың таң қалғаны – бұл үкімет әлі де болса тұрақтылықты ұстап келеді.
Үкіметті қолдаушылардың айтуы бойынша, олар басқарушы кабинеттің жетістігі ретінде Ливан мен Газа секторы шекараларындағы салыстырмалы түрде созылған тыныштықтың сақталуын, мемлекеттің экономикасына дамыған мемлекеттер тобы арасында біріншілердің бірі болып экономикалық өсуге әкелген нәтижелі қаржылық саясатын қаржылық цунамиден құтылып кеткенін жатқызады [4].
Сарапшылар тағы да Беньямин Нетанияху үкіметі мен Барак Обаманың әкімшілігінің арасындағы өткір қарама-қайшылықтарға қарамастан, 2009 жылы айтарлықтай ашық түрде қақтығысқа ұшырамағандығын айта кетеді. Биби қазірше Израильден палестиналық арабтарға жаппай шегіністерге баруын талап ететін Ақ үй мен «таяушығыстық делдалдардың» қысымын көтеруде, бірақ көбі бұл мәселедегі қиындықтар әлі алда деп ойлайды.
Қазіргі кездегі Кнессеттің көпшілік орнын иеленіп отырған «Кадима» партиясы 2005 жылы пайда болды. Сол жылы Ариэль Шарон мен оның жақын жақтастарының «Ликуд» партиясының басшылығымен қарама-қайшылықтар болып қалады. Қарама-қайшылықтың негізі межелеу саясаты болды – Газа секторынан израиль әскерін шығару және 1967 жылдан кейін салынған еврейлік елді-мекендерін бұзу. Бұл Ариэль Шаронның «Ликудтан» кетіп жаңа партияны құруына себеп болды. Алғашқы аты жаңа саяси бірлестіктің лозунгі болған «Ұлттық жауапкершілік» ұраны болды.
Ариэль Шаронмен бірге «Ликудтан» Эхуд Ольмерт, Ципи Ливни, Меир Шитрит, Авраам Гиршзон, Марина Солодкина және басқалары шығып кетті. 2005 жылы 30 қарашада 82 жастағы «Аводтың» көшбасшысы және премьер-министр Шимон Перес Ариэль Шаронды және оның жаңа партиясын қолдау үшін өзінің партиясынан шығатынын жариялады. Шаронның жақындары Перестің жаңа партияға қосылмайтынын айтқан, бірақ ол жеңіске жетсе Шаронға министрлік орын берілетінін жеткізді, онда ол үлкен ұлттық жобалармен айналысатын болады – Негев шөлін дамыту, Өлі теңіздің экологиясы және т.б. Алайда, Шимон Перес «Аводадан» шығып «Кадимаға» қосылды. Переспен бірге «Кадимаға» Кнессеттің депутаттары Хаим Рамон және Далия Ицик ауысты. «Біздің үй – Израиль» партиясының басшылығымен болған түсініспеушіліктерден кейін, Кнессет депутаты Михаиль Нудельман «Кадимаға» кетіп қалды. «Кадима» билеуші партияға айналды, бірақ Кнессеттің 16 отырысында көпшілік орынға ие болмады [5].
2006 жылы 12 шілде мен 14 тамыз аралығында Екінші Ливан соғысы өтті. Бұл соғыс әскер мен мемлекет басшылығындағылардың кемшіліктерін көрсетті. Әскери опреацияның негізгі мақсаттары орындалмады: 2 тұтқын сарбаз босатылмады, «Хезболла» жойылмады, тек әлсізденді. Конфликт аяқталғаннан соң сот төрешісі Элиягу Виноград басқарған Ливандағы жағдайларды зерттеуге байланысты арнайы комиссия құрылған. Премьер-министр Эхуд Ольмерт, Қорғаныс министрі Амир Перец, Бас Штаб бастығы Дан Халуцты отставкаға жіберуді қолдап көптеген митингілер өте бастады.
«Кадиманың» мына басшыларына қарсы жемқорлыққа байланысты айыптаулар қозғалды: Ариэль Шарон, Омри Шарон, Авраам Гиршзон, Цахи Анегби, Хаим Рамон, Рухама Авраам, Яков Эдри және Эхуд Ольмерт. Премьер-министр Эхуд Ольмертке қарсы жоқ дегенде үш іс бойынша айыптаулар қозғалды: парақорлыққа байланысты іс (кәсіпкер Морис Таланскиден конверттер), Өнеркәсіп және сауда министрлігіндегі жемқорлық және шетелге заңсыз қаржының алынуы бойынша істер («Ришон турз» ісі). Ольмерт 2008 жылдың 17 қыркүйегіне белгіленген праймеризге қатыспайтындығын айтты.
2009 жылы 10 ақпанда өткен Кнессеттің 18 шақырылымының сайлауына «Кадима» 28 депутаттық орынды иемденді: сыртқы істер министрі Ципи Ливни, көлік министрі Шауль Мофаз, ішкі қауіпсіздік министрі Ави Дихтер және Ішкі істер министрі Меир Шитрит. Бұл сайлауда, жоғарыда айтып кеткендей, «Кадима» 28 орынға ие болып, «Ликудтан» 1 орынға басым түсті. Алайда, оңшыл партиялар жалпы алғанда Кнессеттің 120 орынының 65-сін алған соң, Президент Шимон Перес үкімет құруды «Ликудтың» төрағасы Биньямин Нетанияхуге тапсырды. Сол күні «Ликуд» төрағасы «Кадима» мен «Авода» көшбасшыларына өзінің қоластындағы ұлттық бірлік үкіметіне кіруін ұсынған [6].
Оңшыл партиялардың жеңу себебі, Нетанияху өзінің коалициялық әріптестерін палестиндік мәселенің ішінде мына үш нұсқаның – нәтижелі реттеуге жету үшін жаппай ымыраларға келу; Иудея мен Самарияда біржақты межелеудің жаңа кезеңі және Иордан өзенінің батыс жағында геосаяси статус-кво сақтау – үшіншісі ғана оңтайлы екеніне сендірді. Бұл қадам «Осло саясаты» сияқты саяси тәжірибелерге шаршаған халық үшін қолайлы көрінді. Басқаша айтқанда, солшыл партияларда туған палестиндік арабтарға «жерге бейбітшілікті ауыстыру» қағидасын тарату және «территориялардан біржақты кету» бағдарламалары израильдік қоғамда өз маңызын жоғалтқандай, тіпті өзінің электоралды нарығын әлсіретуде.
Қазіргі кезде солшыл оппозицияда билікке қайтып келу үшін тек зайырлы қоғам мен діни қоғамды бір-біріне қарама-қарсы қою мен әлеуметтік-азаматтық мәселелерін көтеру қалған сияқты. 1999 жылы солшылдардың бұл тәсілі іске асқан болатын. Ол кезде солшылдар өздерінің бақылауындағы бұқаралық ақпараттар құралдары арқылы израильдіктерді Израильде «зайырлы мәдениет пен діни мәдениет арасында соғыс» болып жатқанына скендірген еді. Ал оған қарағанда ішкі және сыртқы қауіпсіздік мәселелері онша маңызды болмай тұр деген. Осы жағдайда сол кездегі премьер-министр (қазіргі кездегі де) Нетанияху «діннің күшеюімен күрескер» Эхуд Барактан сайлауда ұтылып қалды.
Солшылдардың политтехнологтары осындай жағдайды қайтадан туғызайын деп отыр. Солшыл БАҚ-тарда қайтадан белсенді түрде пәлен «залым паразит-ультраортодокс» кейпі пайда бола бастады. Бұған мысал ретінде «Гаарец» газетінде 10 наурызда пайда болған Алуф Беннің мақаласын жатқызуға болады. Қазіргі халықтың «діни адамдарға» («ақырын қайнай бастаған қазанның астына от сала» бастаған) наразылық білдіріп отырған кезінде, солшылдарға еш қиыншылықты да қажет еткізбейді, тіпті келесі сайлауда өз шыңына жетеді деген мүмкіндіктер бар [7].
Халқы
[өңдеу | қайнарын өңдеу]Халқының саны 8,7 млн-ға жуық, олардың 80% еврейлер, 20% арабтар құрайды. Діні – 76,5% яһудилер, 16% мұсылмандар, 2% християндар, 1,5% друздар, 4% дінге сенбейтіндер. Тілі - иврит, араб.
Валютасы – израильдік жаңа шекель. Шекель 100 агоротқа тең.
Демалыс күндері жексенбіден бейсенбіге дейін таңертеңгі сағат 9:00 ден кешкі 19:00 ге дейін жұмыс жасайды. Сауда орталықтары сенбі күндері ашық. Ресторандар мен кафелер әдетте жұма-сенбі күндері жұмыс істейді. Мұсылмандар дүкендері жұма күні жұмыс істемейді, себебі бұл күні мұсылмандар демалады, ал христиандар дүкендері жексенбі күндері жұмыс істемейді.
Транспорт
[өңдеу | қайнарын өңдеу]Израильде кеңінен таралған транспорт түрі – автобус. Барлық автобустардағы билет бағасы арзан. Автобустары ыңғайлы, кондиционерлермен жабдықталған, жиі әрі уақтылы жүріп тұрады. Автобустар сенбі және еврей мейрамдары кезінде жүрмейді. Таксилерге келетін болсақ, олар жергілікті және қалааралық болып бөлінеді. Қала ішінде таксимен жүрудің ақысы счетчикпен есептеледі. Такси бағасы салыстырмалы түрде қымбатырақ. Үш түрлі тариф қарастырылған:
- (0)-қосымша тариф, телефонмен тапсырыс берілген жағдайда алынады;
- (1)-әдеттегі тариф;
- (2)-әдеттегі тариф және 25% түнгі уақытта (21:00- ден 5:30-ға дейінгі уақыт аралығы) және сенбі күндерінде жүру үшін алынады;
Халықаралық телефон коды +972
Израиль БҰҰ-ның мүшесі (1949) және Еуропа одағының ассоциаланған мүшесі. Қазақстан мен Израиль арасында дипломатиялық және сауда-экономикалық қатынастар біршама дамыған. Израильдіктер Қазақстан экономикасына 1992 – 99 жылдар аралығында 188 млн. доллар көлемінде инвестиция енгізді. Елімізде Израильдің 76 компаниясы жемісті еңбек етуде. 2000 жылы сәуірде Қазақстан Президенті Н.Назарбаев ресми сапармен Израильде болып қайтты.[4]
Дереккөздер
[өңдеу | қайнарын өңдеу]- ↑ בפתחה של שנת 2019 כ-9.0 מיליון תושבים במדינת ישראל. Israel Central Bureau of Statistics. Басты дереккөзінен мұрағатталған 10 ақпан 2019.(қолжетпейтін сілтеме) Тексерілді, 10 қаңтар 2019.
- ↑ Report for Selected Countries and Subjects. International Monetary Fund (April 2018).
- ↑ Human Development Index and its components. United Nations Development Programme (2018).
- ↑ Қазіргі дүние географиясы: Хрестоматия. Жалпы білім беретін мектептің қоғамдық-гуманитарлық бағытындағы 11-сыныбына арналған оқу құралы. / Қ. Ахметов, Т. Увалиев, Г. Түсіпбекова. —Алматы: "Мектеп" баспасы, 2007. ISBN 9965-36-216-5
|