Менгир
Менгир [1] (бретонша men – тас, hіr – ұзын) – тігінен орнатылған үлкен, өңделмеген тастар түріндегі археологиялық ескерткіш. Неолит және қола дәуірінің мегалиттік ескерткіштері қатарына жатады.
Алғашқы менгирлер б.з.б. 3-мыңжылдықта пайда болған. Классикалық түрлері Батыс Еуропа елдерінде болғандықтан, еуропа ғалымдардың еңбектерінде кеңінен зерттелді. Негізгі көп тараған жерлері Пиреней түбегі мен Франция, Британия аралы. Менгирлерге жатқызуға болатын жәдігерлер, әлемнің түкпір-түкпірінде, оның ішінде еуразиялық далалық белдеуде кездеседі. Батыс Еуропадағы ежелгі түрлерінің биіктігі 4 – 5 метрден асады, салмағы ондаған, жүздеген тоннаға барады. Францияның Бретань өлкесіндегі менгирлер айрықша көзге түседі. Қазірде өз бейнесін (тұрпатын) сақтап қалған (яғни, тігінен тұрған) менгирлердің әлемдегі ең үлкені осындағы биіктігі 12 м Керлоас менгирі болып табылады. Сонымен қатар, қазір құлап жатқан, бірнеше бөлініп, сынған Морбиган Менгирін ғалымдар биіктігі 20 м, салмағы 350 тонна болған деп топшылайды.[2]
Кейде ескерткіштер төртбұрышты дөңгелек пішінде немесе параллель қатарлар, яғни менгирлер аллеясы түрінде топтала орналасады.
- Менек алқабындағы 1169 тас 11 қатарды құрайды,
- Кермариода 10 қатарға тізілген 1029 тас ені 100 м, ұзындығы 1120 м тұтас ансамбльді құрайды.
- Карнак (бұрынғы Бретань өлкесінде) маңындағы менгирлер тобына бірнеше қатарға тізілген 3 мыңға жуық тас кіреді, қатарлардың ұзындығы 4 км-ге барады.
Әр елдерде жүргізілген қазба жұмыстар менгир маңында күл қабаттары, мал сүйектері, бұйымның кейбір түрлері болатынын көрсетті. Ғалымдар менгирлер ғұрыптық ескерткіштерге жатады деп санайды, өлген ата-бабалар рухын қастерлеумен байланыстырылады.
Қазақстан аумағында Ә.Марғұлан зерттеулері барысында қола дәуірінің менгирлері Орталық Қазақстан жерінде көптеп табылды. Ол өлытау мен Шыңғыстау аралығында шашырай орналасқан 100-ге жуық менгирлер тобын ашты. Ақтоғайдағы Көрпетай тауының маңында орналасқан Қызылшоқы менгирлер тобын ұзындығы 250 м тізбек түріндегі 20 тас құрайды. Тастардың ең үлкендерінің биіктігі 3 – 4 м, жалпақтығы 2,8 – 3 м. Оның көрнекті түрлері:
- Қарқаралы,
- Қызыларай,
- Бұғылы,
- Баянауыл, т.б.
өлкелерде жиі кездеседі.[3]
Дереккөздер
[өңдеу | қайнарын өңдеу]- ↑ Қазақ энциклопедиясы
- ↑ Археология Западной Европы, Каменный век
- ↑ Бегазы-Дандыбаевская культура Центрального Казахстана
Бұл мақаланы Уикипедия сапа талаптарына лайықты болуы үшін уикилендіру қажет. |
Бұл — мақаланың бастамасы. Бұл мақаланы толықтырып, дамыту арқылы, Уикипедияға көмектесе аласыз. Бұл ескертуді дәлдеп ауыстыру қажет. |