Мазмұнға өту

Әдіс

Уикипедия — ашық энциклопедиясынан алынған мәлімет

Әдіс , метод (гр. 'μέθοδος',methodes зерттеу не тану жолы, бір нәрсеге жетудің жолы) — көздеген мақсатқа жетудің тәсілі, тәртіпке келтірген қызмет жүйесі. Әдіс философияда зерттелетін нәрсенің ойша нұсқасын жасау үшін қажетті таным құралы болып табылады.[1]

Әдіс - 1. (Грек. methodos-зерттеу) дүниенің, қоғамның объективтік заңдылықтары мен құбылыстарын практика және теория жүзінде игеруге және өзгертуге бағытталған таным принциптерінің жиынтығы, зерттеліп отырған объекті жөніндегі мәліметтерді және ғылыми жаңалықтарды бір ізге келтіру тәсілдерінің жүйесі.

2. Құбылыстарды танып-білудің, зерттеудің әдіс-тәсілдері мен амалдар жиынтығы, таным мен істе белгілі нәтижелерге жетудің тәсілдері.

3. (Грек.odes – «бір нәрсеге жетудің жолы») – көздеген мақсатқа жетудің тәсілі, тәртіпке келтірген қызмет жүйесі.

Ғылыми әдістер

[өңдеу | қайнарын өңдеу]

Ғылыми негізделген әдістерді саналы түрде қолдану жаңа мағлұматтар алудың аса маңызды шарты болып табылады. Танымның даму процесінде ғылыми ойлау жүйесінің индукция, дедукция, талдау және жинақтау, аналогия, салыстыру, эксперимент, бақылау және басқа да әдістері жасалып, қалыптасты. Нақты ғалым түрлерінің арнайы әдістері де болады. Өйткені олардың зерттеу объектілеріне тән өзіндік ерекшеліктері бар. Философияның өзге нақты ғылымдардан айырмашылығы — мұнда танымның жалпыға ортақ әдістері жасалады. Бүкіл танымдық әдіс негізінде болмыстық объективті заңдылықтары жатады. Диалектикалық әдістің объективті негізін материалдық әлем дамуының неғұрлым жалпылама заңдылықтары құрайды. Бұл әдіс өзге ғылым әдістерін алмастырмайды, тек олардың жалпы философиялық негізі болып табылады және барлық салалардағы таным құралы ретінде қызмет атқарады.

Ғылыми әдістің негізгі мақсаттары — объективтік ақиқатты ашу. Зерттеудің нәтижесі де, оған апаратын жол да, әдіс те ақиқат болуы қажет. Әдістің негізінде белгілі бір білімдер (ұғымдар мен заңдар) жүйесі жатады. Мысалы, әрбір элементтің өзіндік спектрі барлығын физика ғылымы ашқаны мәлім. Мұның өзі физикада бұдан бұрын қалыптасқан, спектрольдық анализ әдісі негізінде ғана мүмкін болды. Демек, әдістің ақиқаттылығы оның негізінде жатқан теорияның ақиқатына байланысты. Зерттелетін пәннің ішкі құрылымы өзіне сәйкес келетін әдіс болуын талап етеді. Алайда олардың арасында толық сәйкестік, абсолюттік тепе-теңдік бола бермейді. Әдіс пән ерекшелігі арқылы анықталғанмен, олар бір-бірімен қарама-қайшылықта болады. Әдіс пен пәннің толық сәйкес келуі субъектінің объектіге біртіндеп шексіз жақындауы нәтижесінде болуы мүмкін.

Педагогикада

[өңдеу | қайнарын өңдеу]

Әдіс - нақты бір міндетті шешуге арналған әрекетті практикалық не теориялық тұрғыдан игерудің біршама біркелкі тәсілдерінің, операцияларының жиынтығы. Педагогикада білім беру мен тәрбие әдістерін жасау мен оларды жіктеу проблемасы негізгілердің бірі болып табылады.[1]

Теория мен әдіс

[өңдеу | қайнарын өңдеу]

Теория — объективтік шындықтың идеалдық бейнесі. Ғылыми теория мен әдіс өте тығыз байланыста. Дұрыс құрылған теория — жаңа құбылыстарды танудің әдісі. Әрбір ғылымның өзіндік пәндері, соған сәйкес өзіне тән әдісі болады. Осыған орай, ғылымда әдістерді топтастыру (классификациялау) мәселесі пайда болады. Әр түрлі теориялық жүйелерді (ұғымдар мен заңдарды) топтастыру негізінде әдісті екі үлкен топқа бөлуге болады: философиялық әдіс және жеке ғылымдар әдісі. Философиялық әдіс барлық ғылымда қолданылумен қатар, адам ойының ақиқатқа қарай жылжу заңдылығын ашады. Философиялық әдіс өзге ғылымдардың әдістерін, олардың жетістіктерін қорыту нәтижесінде пайда болып, үнемі жетілу, ұшталу үстінде болады. Белгілі бір ғылым саласында философиялық әдісті дұрыс қолдана білмеу көптеген методикалық қателерге соқтырады. Әдіс — дүниенің, қоғамның объективтік заңдылықтары мен құбылыстарын тәжірибеде және теория жүзінде игеруге бағытталған таным принциптерінің жиынтығы ретінде сипатталады.[2]

Математикада

[өңдеу | қайнарын өңдеу]

Әдіс — көзделген нәтижені анықтауға арналған тәсілдердің немесе амалдардың жиынтығы.[3]

Дереккөздер

[өңдеу | қайнарын өңдеу]
  1. a b Орысша-қазақша түсіндірме сөздік: Педагогика / О 74 Жалпы редакциясын басқарған э.ғ.д., профессор Е. Арын — Павлодар: "ЭКО" ҒӨФ. 2006. - 482 б. ISBN 9965-808-85-6
  2. “Қазақстан”: Ұлттық энциклопедия/Бас редактор Ә. Нысанбаев – Алматы “Қазақ энциклопедиясы” Бас редакциясы, 1998 ISBN 5-89800-123-9
  3. "Математикалық ойашар", "Қазақ энциклопедиясы" Алматы, 2009