Бауыржан Момышұлы

Уикипедия — ашық энциклопедиясынан алынған мәлімет
Навигацияға өту Іздеуге өту
Бауыржан Момышұлы
суреті
Лақап аты

Шаң тимес

Туған күні

24 желтоқсан 1910 (1910-12-24)

Туған жері

Көлбастау, Жуалы ауданы, Жамбыл облысы, ҚазақКСР, КСРО

Қайтыс болған күні

10 маусым 1982 (1982-06-10) (71 жас)

Қайтыс болған жері

Алматы, ҚазКСР, КСРО

Мемлекет

 КСРО

Әскер түрі

атты әскер

Қызмет еткен жылдары

19321934, 19361955

Атағы

Гвардия полковнигі

Басқарды

9-шы гвардиялық атқыштар дивизиясы

Шайқасы

Хасан шайқасы
Ұлы Отан Соғысы

Марапаттары
Кеңес Одағының Батыры — 1990
Ленин ордені — 1990 Қызыл Ту ордені  — 1945 Қызыл Ту ордені  — 1942 I дәрежелі Отан соғысы ордені— 1945
Еңбек Қызыл Туы ордені Халықтар Достығы ордені Қызыл жұлдыз ордені Құрмет Белгісі ордені
Жауынгерлік еңбегі үшін медалі Владимир Ильич Лениннің туғанына 100 жыл мерекелік медалі Мәскеуді қорғағаны үшін медалі 1941-1945 жж. Ұлы Отан соғысында Германияны жеңгені үшін медалі

Бауыржан Момышұлы (24 желтоқсан 1910, Көлбастау10 маусым 1982, Алматы) — қазақтың әйгілі әскери қолбасшысы, Ұлы Отан соғысында даңқы шыққан стратег және тактик, жазушы, Кеңес Одағының Батыры[1]

Батыс майданындағы 16 армияның 316-атқыштар дивизиясындағы (1941 жылдың қарашасынан бастап 8-ші гвардиялық атқыштар дивизиясы) 1073 атқыштар полкінің (1941 жылдың қарашасынан 19 гвардиялық полкі) және батальон командирі. Ұлы Отан соғысына генерал-майор И.В. Панфилов басқарған әйгілі дивизиясының құрамында 1941 жылдың қыркүйек айынан бастап қатысты. Батальон командирі ретінде аға лейтенант Бауыржан Момышұлы Мәскеу үшін шайқаста 27 рет ұрысқа қатысты. 1941 жылдың 16-18 қараша күндері вермахтың Мәскеу бағытында екінші мәрте жасаған жорығы кезінде аға лейтенант Момышұлы басқарған батальон дивизиядан қашықта, Матронино деревнясының жанында Волоколамск тас жолында асқан ерлікпен ұрыс жүргізді. Білікті комбаттың басшылығы арқасында 3 күн бойы фашистер шабуылын тойтарып, батальон үлкен шығынсыз, ұрысқа қабілетті жағдайда қоршаудан шығады.[2]

Бауыржан Момышұлы — әскери педагогика мен әскери психологияны байытушы баға жетпес мұра қалдырған дара тұлға. Оның атақ, даңқы, батырлығы А.Бектің «Волоколамск тас жолы» атты кітабында суреттелді. Кітап неміс, чех, еврей, ағылшын, француз, т.б. шет тілдеріне аударылды. Соғыстан кейін Бауыржан Момышұлы Совет Армиясы Бас штабының Жоғары әскери академиясын бітіреді. Әскери-педагогикалық жұмыспен айналасып, Совет Армиясы әскери академиясында сабақ береді.

Ел тәуелсіздік алғаннан кейін Қазақстан Республикасының тұңғыш Президенті Н.Назарбаевтың жарлығымен оған «Халық қаһарманы» деген атақ берілді.

Өмірбаяны

Балалық шағы

Бауыржан Момышұлы 1910 жылдың 24 желтоқсанында Жамбыл облысының Жуалы ауданындағы Көлбастау ауылында туған. Дулат тайпасының Шымыр руынан[3].

Имаш бабасы 1911 жылы 92 жасында дүниеден өткен. Әкесі Момыш өз бетімен ескіше сауат ашқан, кирил алфавитімен оқуды меңгерген сол кезеңдегі көзі қарақты адамдардың бірі болған. Ел арасында ағаш ұстасы және етікші, зергерлігімен танымал болатын. Имаш атасы қартайған кезінде барлық шаруашылықты Момыш ұлына табыстаған. Әжесінің есімі - Қызтумас, қартайған шағында ағайын-туыс "сары кемпір" деп атаған. Анасы Рәзия дүниеден ерте өтіп, Бауыржан 3 жасынан бастап Қызтумас әжесінің қолында өседі.

1921 жылы бастауыш класты оқуға Аса интернатына түседі. 1924 жылдан бастап жеті жылдық мектепті Шымкент қаласында оқиды. Бұл сол өңірдегі 1924 жылы ашылған алғашқы жетіжылдық мектеп болатын. Бауыржанмен бір сыныпта Әбділда Тәжібаев пен Құрманбек Сағындықов оқиды. 1928 жылы мектепті үздік бітіріп, Орынбор қаласындағы Қазақ Педагогикалық институтына оқуға түседі. Институт директоры Тоқтыбаев деген кісі болатын. Жас баланың қатты суықта жұқа киіммен жүргенін көріп, өзінің кабинетіне шақыртып алады. Баланың қолына бухгалтерияға қағаз жазып беріп, осы қағаз бойынша ақша алатындығын және сол ақшаға ауылға қайтатындығын айтады. Осындай тұрмыс жағдайына байланысты оқудан кетеді.[4]

Соғысқа дейінгі өмірі

  • 1928-1930 жылдары бастауыш мектепте ұстаздық етеді. Біраз уақыт аудандық атқару комитетінің жауапты хатшысы ретінде қызмет атқарады. Аудандық милицияда 6 айдай жұмыс істейді.
  • 1932-1934 жылдар аралығында Қызыл Армия қатарында қызмет етеді. 1933 жылы полк мектебін бітіреді.
  • Туған ауылына қайтып оралып, бірнеше жыл қаржы мекемесінде қызмет істейді.
  • Атқару комитетіндегі қызметімен көзге түскен Бауыржан Тимофей Дубовиктің қолдауымен Шымкент өнеркәсіп банкінің экономисі болады. Осы қызметте жүрген уақытта 1936 жылы Республикалық банктің меңгерушісі Б.М.Барханның жолдамасымен Ленинградтағы Финанс академиясының жанындағы бір жылдық курсты бітіреді. Біліктілігін бағалаған басшылық оны КСРО өнеркәсіп банкінің республикалық басқармасына аға консультант ретінде тағайындайды.
  • 1936 жылы жаңадан құрылып жатқан бөлімге взвод командирлігіне шақырылады. Бұл кезде рота командирі, полк штабы бастығының көмекшісі болады.
  • 1939 жылы әкесі Момыш қайтыс болады.

Екінші дүниежүзілік соғыс жылдары

  • 1941 жылы Қазақ әскери комиссариатының нұсқаушысы қызметін атқарады. Ұлы Отан соғысына 1941 жылдың қыркүйегінен бастап қатысты. 316 атқыштар дивизиясының жасақталуына белсене атсалысып, сол дивизия құрамында майданға аттанады.[5]
  • 1941 жылдың 26 қарашасында маршал Рокоссовский полк командирі етіп тағайындайды.
  • 1941-1945 жылдары Панфилов атындағы 8-гвардиялық дивизияның батальон, полк командирі, соғыстың соңғы жылдары аталған дивизияның командирі болады.
  • 1942 жылдың 6 маусымында "Қызыл Жұлдыз" орденімен марапатталады.
  • 1944 жылы денсаулығына байланысты Алматы госпиталіне жіберіледі.
  • 1945 жылдың 16 қаңтарында Алматыға келген Бауыржанды ғалымдар соғыс туралы әңгіме-лекция өткізуге шақыртып, кездесу ұйымдастырады. Осы лекцияның стенограммасы кейінрек "Соғыс психологиясы" деген атпен кітап болып басылды. Алғашында тек орыс тілінде жарық көрген бұл еңбек, 2010 жылы Бауыржан Момышұлының 100 жылдығына орай қазақ тілінде де жарық көрді.[6]

Соғыс кезінде жеке басының қаһармандық ерлігімен және ұрыс жүргізудегі әскери шеберлігімен ерекше көзге түседі. Бірнеше рет жау қоршауынан жауынгерлерін аман-есен алып шығады. Мәскеу түбіндегі шайқастағы ерлігі сол кездің өзінде Одақ көлеміне аңыз болып жайылады. Осының негізінде орыстың белгілі жазушысы А.Бек «Волоколамское шоссе» (қазақшасы «Арпалыс») повесін жазды. Бұл шығарма кейін бірнеше тілге аударылады.

Жауынгерлік іс-қимылдарға қатысты ұрыстан шығу, шегініс жасау тәсілдерінің арнайы тарау болып әскери жарғыға енуі, тактикада «ошақты» және «икемді қорғаныс» ұғымдарының қалыптасуы Бауыржан Момышұлының осындай тәжірибелерінің жиынтығы болып табылады. Бауыржан Момышұлы жау шептеріне ішкерлей еніп ұрыс жүргізу теориясын соғыс тәжірибесінде алғаш қолданушылардың және оны дамытушылардың бірі болды.

Мәскеу үшін шайқас

Момышұлыға арналған пошта бөлімі, 2010

Мәскеу түбіндегі шайқас Бауыржан Момышұлының өміріндегі ерекше кезең болды. Жас сардар, 1073 атқыштар полкінің батальон командирі, аға лейтенант Бауыржан Момышұлы сарбаздармен қақаған қыста Мәскеу түбінің омбы қарына малтыға жүріп, бес рет қоршауды жарып шығып, жалпы саны 27 рет қол бастап ұрысқа кіріп, соғыс тарихында болмаған тактикалық маневрлер жасап, әскери өнерге жаңалық енгізген. Командир Момышұлы жетік стратег, асқан тактик, психолог еді.

1941 жылдың 16-18 қараша күндері аралығында вермахтың Мәскеуге екінші дүркін шабуылы кезінде Б.Момышұлы басқарған батальон өз дивизиясынан қашықта Матронино селосының маңында Волоколамск тас жолыда аса ерлікпен соғысты. Комбаттың дарынды басшылығының арқасында неміс әскері бұл маңда 3 күнге іркіліп қалды. Бұл ерлігінен соң жас комбат өз сарбаздарын қоршаудан соғысқа қабілетті жағдайда алып шықты.

Алайда аласапыран шақта қысылтаяң жағдайға ұшыраған кейбір полктердің батальон, роталарымен байланысы үзіліп, жауынгерлердің қай жерде, қандай халде екенін білу қиынға соғады. Сондай жағдайға ұшырағандардың бірі – Бауыржан басқарған бірінші батальон еді. Баукең енді шегінудің нақты жоспарын жасайды. Батальонның алдында жүретін он бес адамнан құрылған (алдыңғы жақты барлайтын) барлаушы қойып, взвод-взводпен бөлек-бөлек болып, бірінің ізімен бірін жүргізе жылжуды ұйғарады. Батальон алдындағы барлаушыларды аға лейтенант Рахимов пен саяси жетекші Мұхаметқұл Сләмқұлов басқарады.

Күндіз жау көзіне түспеу үшін жауынгерлеріне түнделетіп жүруді бұйырады. Күндіз қалың тоғайда тыныстап, түнде барлаушылар арқылы белгіленген бағытпен сақтана жүріп отырған жауынгерлер табандылық пен төзімділік көрсетіп, қалың қарағайлы тоғай ішінің қалың қарын омбылай жүре отырып, екі күннен кейін Новлянск пен Ивановск деревняларының аралығынан шығады. Барлаушылардың айтуынша, осы Ивановск деревнясында панфиловшылардың 1075-полкінің бірінші батальоны тұрады екен. Бұлар әлі шайқасқа қатыспағандықтан тың тұрады.

Әдісқой, тәжірибелі комдив И.В. Панфилов бұл полкті уақытша әдейі резервте ұстап тұр екен. «Б.Момышұлы басқарған батальон түгелдей жау қолынан қаза тауып, жойылып кетті» деген лақапты естіген олар түгелдей аман оралған жауынгерлерді зор қуанышпен қарсы алды. Бауыржан бастаған батальон жауынгерлерін көргенде И.В.Панфилов қуанғаннан көзіне жас алады. Иван Васильевич көптен көрмеген бауырын кездестіргендей Бауыржанды қаусыра құшақтай алып, бетінен сүйіп: «Жарайсың, сұңқарым!» деп арқасынан қағады.

19 гвардиялық атқыштар полкінің командирі ретінде 1941 жылдың 26-30 қараша күндері гвардия капитан Момышұлы Мәскеу облысының Соколово деревнясының маңында неміс әскерінің шабуылын 4 тәулік бойы қайтарып, сәтті ұрыс жүргізді. 1941 жылдың 5 желтоқсанында омыртқаға оқ тиіп, жарақат алды. Әзілхан Нұршайықовтың "Ақиқат пен Аңыз" кітабында Бауыржан өзін санбатқа жеткізгенде дәрігерлер дереу госпитальға апару керек деп шешкендігін, бірақ ол тапаншамен дәрігерді қорқытып, оқты сол жерде шығаруды бұйырғанын айтады. Оқты алып, жараны таңғаннан кейін капитан Бауыржан Момышұлы ұрыс алаңына қайта оралады.

Кеңес әскерлерінің 1942 жылғы қаңтар-ақпан айларындағы ұрыстарында 8-гвардиялық дивизияның Бауыржан Момышұлы басқарған полк жауынгерлері ерекше көзге түсті. Дивизия екі ай ішінде батысқа қарай 500-600 шақырым алға басып, фашистердің мыңдаған солдаты мен офицерлерін саптан шығарады, жаудың көптеген техникасын жойып жіберді.

1944 жылы Комдив болып жүрген кезінде Дубровка деревнясының маңында болған ұрыс кезінде тағы қатты жараланады. Өз айтуынша құйымшақпен жерден шығып тұрған темірге құлаған екен. Біраз уақыт атқа отыра алмай және шалқасынан жата алмай жүрді, бірақ госпитальге бармады.

Сол уақыттан 1944 жылдың наурызына дейін госпитальде жатады. Сол жылы Бас Штабытың Әскери Академиясының жанындағы офицерлердің біліктілігін арттыру курстарын бітіріп шығады.

1945 жылдың 21 қаңтарынан бастап гвардия полковник Бауыржан Момышұлы Екінші Прибалтика майданының, 6 гвардиялық армиясының, 2 гвардия атқыштар полкінің 9 гвардия атқыштар дивизиясын басқарды. 1945 жылдың ақпан-наурыз айларында Бауыржан Момышұлы басқарған дивизия Приекуле станциясының солтүстік-батыс жағында орналасқан неміс әскерінің үш бекінісін бұзып өтеді. Дивизия шабуылының нәтижесінде 15 елді мекен босатылды, ал жау әскеріне үлкен зиян тиген болатын.

Бауыржан Момышұлының қатардағы жауынгерлер жайлы айтқан нақылға бергісіз сөздері халқымыздың есінде. Даңқты қолбасшы солдаттың мінез-құлқын, парасатын, елі үшін шыбын жанын қиятын ерлігін ерекше бағалай білген. Соның арқасында оларды ерлік жеңістерге бастап, жігерлендіріп отырған.

Бауыржан Момышұлы соғыс жылдарында адуынды да қатал әскери басшы болып қана қойған жоқ, сонымен қатар қарамағындағы жауынгерлер мен офицерлердің ақылгөй жетекшісі, зерделі де білгір, байыпты да мейірман тәрбиешісі де бола білді.

Гвардия полковнигі Бауыржан Момышұлының 1990 жылдың 12 желтоқсанында туғанына 80 жыл толуына орай Кеңес Одағының Батыры деген жоғары атақ берілді. Б.Момышұлының «Әділет қашанда жеңеді, ол кешіксе де келмей қоймайды» деген сөзі шындыққа айналып, ел тілегі орындалды.

Әлкей Марғұланмен бірге

Соғыстан кейінгі жылдары

  • 1946-1948 жылдары Ворошилов атындағы әскери академияның тыңдаушысы болады.
  • 1948-1950 жылдары 49-атқыштар бригадасы командирінің орынбасары қызметін атқарады.
  • 1952 жылы Кеңес Әскері Бас Штабының жанындағы Жоғары әскери академияны тәмамдайды.
  • 1953 жылы академик Ван-Чон-Худың басқаруымен келген Қытай делегациясымен кездеседі.
  • Соғыстан кейін 1950-1955 жылдары Кеңес Әскері әскери академиясында сабақ береді.
  • 1955 жылы желтоқсан айы соңында (45 жасқа толғанда) полковник атағымен отставкаға шыққан cоң, елге оралады. Елде біраз уақыт жұмыс табылмайды. Өмірбек Жолдасбек Қазақ Ұлттық Университетінің әскери кафедрасына жұмысқа алмақ болады. Алайда оған да қарсылық болған көрінеді. Батыр енді толықтай шығармашылықпен айналысады. Ол қазақ және орыс тілдерінде бірдей жазып, өз өміріндегі көрген білгендерін шығармаларына арқау етеді. Оның қаламынан туған, өмір шындығының негізіндегі тамаша романы мен әңгіме, повестері қалың оқушының іздеп оқитын шығармаларына айналады. Олар бірнеше қайтара басылып шығарылды.

Кубаға сапары

Бауыржан Момышұлы 1963 жылы Фидель Кастроның шақыруымен Куба еліне барады. Сапар барысында Куба басшысы Фидель Кастромен кездесудің реті келмеді, бірақ інісі Рауль Кастромен кездесіп, ол кісіге үлкен әсер қалдырды. Куба әскерилерінің (негізінен әртүрлі аудиторияның) алдында дәріс оқыды (“Куба кездесулері” (“Кубинские встречи”; орысша дайындалған баяндама, 11-21 қараша 1963 жылғы жазбалардан деген мәліметтермен 1986 жылғы Алматының “Жазушы” баспасында басылған орыс тіліндегі қос томдық шығармалар жинағының екінші томына 13 беттік мәтін боп кірді; алғаш сол жылы жарияланды[7])). Кубаға барған саяхаты жайында "Куба әсерлері" (1975 жылы “Ұшқан ұя” жинағына үш әңгіме (“Жол үстінде”, “Олар менің есімде”, “Ол екеуміз”), “Ұшқан ұя” хикаятымен бірге кіргізілді, соның ішінде сапарнама мәтін көлемі – 130 бет) атты сапарнамалық кітап жазады. Бауыржан Момышұлы Фидель Кастро мен Эрнесто Че Гевараның үлгі тұтқан тұлғасы болған.

1963 жылы қарашада (11-21 қараша) Куба үкіметінен бірнеше қайтара шақыру келгендіктен, 10 күндік сапармен барып келеді.

1982 жылы 10 маусымда 71 жасына қараған шағында Алматыда дүние салады. Кеңсай зиратына қойылды.

Батырдың 100 жылдығы

Алматыда Бауыржанға қойылған ескерткіш

2010 жылы қыркүйектің 14-і күні Алматыда «Қазақтың Бауыржаны» атты деректі фильм көпшілікке таныстырылды. Фильмді үкімет тапсырысымен Бауыржан Момышұлының 100 жылдық мерейтойына арнап режиссер Қалила Омаров түсірді [8].

2010 жылы желтоқсанның 10-ы күні Алматыдағы 28 панфиловшылар саябағында кеңес-герман соғысының қаһарманы, жазушы Бауыржан Момышұлына тұрғызылған ескерткіш салтанатты жағдайда ашылды. Жалпы биіктігі 6 метрлік ескерткіштің тұғыры граниттен, ал батырдың мүсіні қоладан құйылған.[9].

2010 жылы Республика бойынша Бауыржан Момышұлының 100-жылдығына арналған мерекелік іс-шаралар өтті.[10]

2010 жылы қыркүйек айында Бауыржан Момышұлының 30 томдық шығармалар жинағы жарыққа шықты (Алматыдағы “Өнер” баспасы басып шығарды).[11]

Бауыржан Момышұлының әдеби шығармашылығы

Бауыржан Момышұлы жігіттік шағында-ақ ғашықтық жырлар, достарына, жерлестеріне арнау өлеңдер жазған. Оның алғы шептен жазған мақалалары мен өлеңдері, аудармалары майдан газеттерінде, «Социалистік Қазақстан», «Казахстанская правда», «Қазақ әдебиеті» және басқа басылымдарда жарық көріп тұрған.[12]

Майданда ол күнделік жазып, ұрыс алаңында көрген-білгенін, басынан өткен жайттарды қағазға түсірді. Ол кез-келген жағдайда қарда да, жаңбырда да және тіпті қоршауда қалған кезде де жазба жүргізді. Осылайша, ол 38 жауынгерлік жазба кітапша жазды. Онда соғыс барысы, сарбаздардың ойы мен әрекеті туралы айтылады. Оның негізгі әдеби шығармалары оқырманды шыншылдығымен таңғалдырады. «Бір түннің тарихы» оның дарынды жазушы екенін жариялаған алғашқы туындысы.[13]

Бауыржан соғыс уақытында «Серігім», «Жазушыға», «Қалыбек аға», «Біреулерге», «Омарбекке», «Жардың мұңы», «Ғ-ға», «Ана тілін ардақта», «Досыма», «Толғау» атты өлеңдер жазған.

1952-1956 жылы «Офицердің күнделігі», «Бір түннің тарихы», «Біздің семья» деген алғашқы кітаптары жарық көрді.

Шығармалары

  • Ұшқан ұя (Наша семья) (1953 жыл, орысшасы; 1975 жыл, қазақшасы)
  • Мәскеу үшін шайқас (За нами Москва) (1958 жыл, роман)
  • Жауынгердің тұлғасы
  • Майдан
  • Майдандағы кездесулер
  • Генерал Панфилов
  • Төлеген Тоқтаров (бұл да аталған романның төртінші кітабында)
  • Куба әсерлері (1963 жыл)
  • Адам қайраты (“Мәскеу үшін шайқас” романының төртінші кітабында)
  • Ел басына күн туса
  • Психология войны
  • Ол екеуі (қазақша; орысша нұсқасы “Она”)
  • Олар менің есімде (қазақша; орысша нұсқа “Я помню их”)
  • Жол үстінде
  • Куба әсерлері
  • Музей апа (орысша)
  • Она (орысша)
  • Из строя в труд (из дневника писателя); “Қатардан еңбекке” (жазушы күнделігінен)
  • Я помню их (орысша)
  • Проблема литературного героя
  • История одной ночи (орысша, бұл шығарма 1986 жылдық екі томның бірінші томында “За нами Москва” романынан бөлек боп енді)
  • Бір түннің тарихы (“Мәскеу үшін шайқас” романына 1968 жылғы екі томдықтың бірінші томына бұ атаумен емес, жоғарыдағы бас романына төртінші кітапқа соның қазақша нұсқасы сюжеттік қалпы сақталып кіргізілді, бірақ орысша, қазақша мәтіндерінде “Мәскеу үшін шайқастағыдай” еп-елеуіңкі айырмашылықтар ұшан-теңіз)

Отбасы

  • Бибіжамал Мұқанқызы Момышкеліні — Бауыржаннан екі жас кіші, ақсары, сұлу кісі. Бибіжамал Мұқанқызынан тұңғыш баласы Бақытжан Момышұлы дүниеге келді.
  • Коркина Клавдия Григорьевна — опера театрының әртісі, сыған қызы. Бұл кісіден Елена Бауыржанқызы дүниеге келді (16.09.1947 жылғы)
  • Бақытжамал Қалибекқызы — шет тілдер институтының аспиранты, 13 жыл бірге болды.
  • Бақытжан Момышұлы - Бауыржан Момышұлының ұлы.
  • Зейнеп Ахметова Бауыржанкеліні (1945 жыл, 18 қаңтарда туған) — келіні, Бақытжан Момышұлының жұбайы, жазушы, қазақы дәстүрлерді насихаттаушы. Қайын атасы туралы мемуар кітаптар мен мақалалар жазады.

Бауыржан Момышұлының аты берілген нысандар

Қазақстанда батырдың атымен Алматы, Тараз, Атырау, Семей қалалары және Жамбыл облысы Аса ауылындағы көшеге батырдың аты берілген:

Жамбыл облысында

  • Жамбыл облысының бұрынғы Бурное ауылы Бауыржан Момышұлы ауылы болып өзгертілген.
  • Бауыржан Момышұлы ауылдық округі
  • №45 қазақ классикалық гимназиясына Бауыржан Момышұлының есімі берілген және мектептің алдында Бауыржан Момышұлының бюсті орналастырылған.
  • Тараз қаласында Бауыржан Момышұлы атындағы Жеңіс саябағы бар.

Ескерткіштер

Марапаттары

Соғыс кезінде

Соғыстан кейін

  • 1970 жылы «Еңбек Қызыл ту» орденімен, «Құрмет белгісі» орденімен
  • КСРО Президентінің 1990 ж. 11 желтоқсандағы жарлығымен Б. Момышұлына 1941-1945 жылдары соғыста неміс-фашист басқыншыларына қарсы күресте асқан ерлігі мен қаһармандығы үшін «Кеңес Одағының Батыр атағы» берілді (медаль №11637).
  • 2000 жылы «Ғасыр адамы» деп танылды

Қызықты деректер

Ұлы Отан соғысы жылдарында екі қазақ қана дивизия басқарған. Оның біріншісі Бауыржан Момышұлы болса, екіншісі Әбілқайыр Баймолдин.[15]

Бауыржан Момышұлы үш қыздан кейін, әкесінің 53 жасында дүниеге келген.[16]

Бауыржан Момышұлы туралы

Бауыржан Момышұлының қанатты сөздері

Опасызда Отан жоқ,
Отанда опасызға орын жоқ.

Тәртіпке бас иген құл болмайды!

Отаның үшін отқа түс — күймейсің.

Ептілік пен ерлік —
Ерге тән қасиет.

Сен жаудан қашсаң —
өмір сенен қашады.

Тәрбиелі — тәртіптің құлы,
Тәртіпті — елдің құлы.

Өз кітаптарым — өз балаларым. Олардың да Отаныма адал қызмет етуін қалаймын.

Үмітін жоғалтқан жан —
ешқашан үміттеніп көрмеген жан.

Елім деп езіліп, жұртым деп жұмылып,
елге қызмет ет.

Бауыржан Момышұлы

Тағы қараңыз

Дереккөздер

  1. Айбын. Энциклопедия. / Бас ред. Б.Ө.Жақып. - Алматы: «Қазақ энциклопедиясы», 2011. - 880 бет.ISBN 9965-893-73-Х
  2. Герои страны, Бауыржан Момыш-улы, http://www.warheroes.ru/hero/hero.asp?Hero_id=1543
  3. Қазақ шежіресі. 2 том. Орта жүз-жан арыс, Теңізбай Үсенбаев,.
  4. Өмір жолы. Бауыржан Момышұлы
  5. Бауыржан Момышұлы және оның соғыс өнері
  6. Б. Момышұлының "Соғыс психологиясы" атты кітабының тұсаукесері өтті(қолжетпейтін сілтеме)
  7. Баурджан Момышулы. Собрание сочинений в двух томах. Том второй. Алма-Ата, издательство «Жазушы», 1986, стр. 276-289
  8. Азаттық радиосы, Алматыда Бауыржан Момышұлы туралы деректі фильмнің тұсаукесері өтті, [1]
  9. Азаттық радиосы, Алматыда Бауыржан Момышұлына ескерткіш ашылды
  10. Таразда Бауыржан Момышұлының 100 жылдық мерейтойына арналған салтанатты шаралар өтуде(қолжетпейтін сілтеме)
  11. Бауыржан Момышұлының 30 томдық еңбектер жинағы жарыққа шықты
  12. Бауыржан Момышұлының айтылмаған ерлігі
  13. Қазақтың батыр ұлы Бауыржан Момышұлының өмірбаяны
  14. Қызыл Ту орденін беру туралы жазба
  15. Баукеңнің алты ерлігі(қолжетпейтін сілтеме)
  16. Бауыржан Момышұлы туралы сіз білмейтін деректер
  17. Тарихи тұлғалар. Құрастырушы: Тоғысбаев Б. Сужикова А. – Алматы. “Алматыкітап баспасы”, 2009 ISBN 978-601-01-0268-2

Сілтемелер

Ортаққорда бұған қатысты медиа санаты бар: Baurzhan Momyshuly